Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да ауыл оқушылары әр мекемеде білім алуға мәжбүр

Опубликовано:

Мектеп құрылысы
Мектеп құрылысы. Видеодан кадр: 24.kz

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауылында мектеп оқушылары бөлініп, әр жерде білім алып жүр. Мұндағы 2 мектептің бірі 5 жыл бұрын апатты деп танылса, екіншісі былтыр көктемде жөндеуге жабылған, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәлметінше, БҚО Казталов ауылының оқушылары құрылыс уақытында бітпеген соң, түрлі мекемелерде білім алуға мәжбүр.

"Біздер мұнда оқуға келдік. Бұрын "Жиһазда" оқыған едік. Сосын ауданға бардық. Сосын ауданға сыймай қалдық. Сөйтіп Мәдениет үйіне келдік", - дейді оқушы Санжар Төлегенов.

Телеарна ақпаратынша, Казталовтағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 2017 жылы апатты деп танылды, 2018-де жабылған. Содан бері балалардың басым бөлігі ауылдағы екінші мектепте білім алса, ол лицейге де былтыр көктемде жөндеуді бастапты. Қарашада бітеді деген құрылыс әлі жүріп жатыр. Ал оқушылар бөлініп, әр жерде оқиды.

"Кітапхана, лицей жанындағы мектеп-интернатта, саз мектебінде, балалар орталығында, жастар ресурстық орталығында, Мәдениет үйінде, AMANAT партиясы, білім бөлімі ғимаратында және экономика және қаржы бөлімінің ғимаратында білім алып жатыр. Білім сапасына айтарлықтай кедергі болады деп айта алмаймын", - дейді Казталов аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев.

Мұғалімдер сабаққа кешікпеу үшін тарыдай шашыраған мекемелердің арасында шапқылап жүрсе, оқушының да ойы он бөлінеді екен. Мекемелер әр жерде болғандықтан, оқуышлар сабаққа кешігіп қалатынын айтты.

"Мектепте оқыған күшті. Өйткені клубта әртүрлі билер, концерттердің дауыстары шығып тұрады. Содан сабақ оқуға кедергі болады. Ал мектепте ондай дауыстар шықпайды", - дейді мектеп оқушысы Айнара Ерғали.

Телеарна мәліметінше, аудан орталығындағы жаңа мектеп құрылысы 2020 жылы басталған. 2021-де тапсырылуы тиіс еді. Аудан әкімдігі мердігерді кінәласа, мердігер жобаның шикілігін айтады. Себебі сметада ғимаратты ұстап тұратын тірек-бағандар мен арқалықтар мүлде жоқ. 330 шақырым жерге материал тасымалы да салынбаған. Соның салдарынан мердігер 340 млн теңге шығынға батқан көрінеді.

"Колоннасыз ғимарат тұрмайды. Біріншіден, көп ақшаның бәрі соған байланысты жұмыстар тоқтатылды. Ең бірінші, мына жерде қиындық бізге түседі ғой. Сосын келісу болады авторлық қадағалау, техникалық қадағалау, бәріміз келісу жасаймыз",- дейді учаске бастығы Амангелді Тебілов.

Жобадағы кемшіліктерге және 2021 жылы материалдар қымбаттауына байланысты былтыр құрылыс тоқтап, тиісті түзетулер енгізілген. Бастапқы 2 млрд 86 млн теңгеге тағы 700 млн теңге қосылыпты.

"Жобаға түзету жасау үшін мемлекеттік сараптамаға кірген болатынбыз. Сол кезден бастап жоба тоқтатылды. Материалдар қымбаттады, кемшіліктер болды. Қазіргі таңда жұмыстар қайта жалғастырылып жатыр. Ақшасы, барлығы қарастырылып отыр. Сарапшылар үлгермеуінен болуы мүмкін немесе жобаның көптігінен болуы мүмкін. Айта алмаймыз неліктен олай шыққанын. Бірақ біздерге оң сараптама қолымызда болғасын, ол жоба қолдау тапқан болатын кезінде", - дейді БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: Нұркен Молдашев.

Құрылысшылар бүгінгі күні мектеп құрылысы қайта жанданғанын, казталовтық оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алатынын атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021498-bqo-da-auyl-oqusylary-ar-mekemede-bilim-aluga-mazbur/

pixel