Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстауда мектеп бітіру кешін мейрамханалар мен демалыс орындарында тойлауға тыйым салынды

Опубликовано:

Мейрамхана
Мейрамхана. Көрнекі фото: Рexels.com

Маңғыстау облысының білім басқармасы мектеп бітіру кешін мейрамханалар мен демалыс орындарында атап өтуге тыйым салды. Оқушылардың ата-анасы мұндай жаңашылдыққа наразылық білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кешін мектеп қабырғасынан тыс жерде атап өтуге тыйым салу туралы ұсыныс берген. Алайда әзірге мұндай тыйым тек бір облыс – Маңғыстауда ғана енгізілген. Жергілікті шенеуніктер мерекелерді тек мектеп қабырғасында өткізу керегін және оны тек оқу орындары ғана ұйымдастыру керегін айтты.

БАҚ мәліметінше, биыл мектеп бітіретін оқушылардың ата-аналары мұндай шараға наразы.

"Мен ешбір қисынды да, мағынаны да көрмей тұрмын. Менің ойымша, бұл қарапайым ғана адам құқығына қарсы қылмыс", "Біз бұл кештерде боламыз, өзіміз бәрін бақылаймыз. Балаларды шығарып салу үшін көпшілігі тұтас отбасы болып барады. Мен үшін бұл абсурд", – деп өз пікірімен бөлісті маңғыстаулықтар.

Осыған ұқсас идея бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінде де айтылған болатын. Бірақ ведомство бұл бастама тек ұсыныс беру сипатында екенін түсіндірді. Тыйым салу туралы сөз болған жоқ.

"Иә, біз бұл іс-шараларды мектеп қабырғасында өткізуді ұсындық, бұл балалардың өз мектептеріндегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді әрі олар өз мектебінде мектеппен қоштаса алады. Бұл мектептердің дәстүрлі іс-шаралары. Бұл іс-шараларды өткізу туралы Оқу-ағарту министрлігінің құжаты бұрын-соңды болмаған және қазір де жоқ, сондықтан мектептер оларды өз бетінше анықтайды", – деп түсіндірген болатын Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

Бұл ретте, Маңғыстау білім басқармасы тыйымның балалардың қауіпсіздігі үшін енгізілгеніне сенімді.

"Бұл жерде, тіпті олар ата-анасының қасында болса да, бірақ бұл, сіз айтқандай, ешқандай құқық бұзушылықтың болмауына әсер етпейді, тіпті олар (түлектер - ред.) ата-аналарымен болса да, кейбір құқық бұзушылықтар орын алуы мүмкін. Бұл жағдайда біз балалардың құқығын керісінше қорғауға тырысып жатырмыз", – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Құралай Назимова.

Телеарнаның хабарлауынша, балалар мен ата-аналар жергілікті шенеуніктерге бағынбауды шешсе де, олар жауапкершілікке тартылмайды. Тек кәмелетке толмағандар 22:00-ден кейін ересектерсіз үйден тыс жерде болса ғана жауапқа тартылады. Айта кетейік, түлектердің ата-аналары тілшілерге мектеп бітіру кешін мейрамханалар мен демалыс орындарында тойлаудан бас тартпағандарын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022112-mangystauda-mektep-bitiru-kesin-meiramxanalar-men-demalys-oryndarynda-toilauga-tyiym-salyndy/

pixel