Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ірі залал келтіру ісі бойынша ақталып шықты

Опубликовано:

Шухрат Данбай
Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай. Фото: anpz.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры мен сатып алу департаментінің директорына қатысты ақтау үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік мәліметінше, Атырау қаласының №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының ("АМӨЗ" ЖШС) бұрынғы бас директоры Д. және сатып алу департаментінің директоры С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушыларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де "Мұнайды терең өңдеу кешенін" салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұза отырып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған.

"Осылайша, тергеу пікірі бойынша мемлекетке 2,9 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Сот кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемінің ұлғайғанын анықтады. Мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған. Бұл мемлекеттік сараптамалардың қорытындыларымен расталды.

Осыған байланысты тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа, "ҚазМұнайГаз" АҚ және "АМӨЗ" ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Агенттіктің хабарлауынша, сот айыпталушылардың әрекеттерінде тағылған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оларды барлық эпизодтар бойынша кінәсіз деп таныған. Сондай-ақ сотталушылардың қылмыстық іс жүргізуші орган әрекеттерінен келтірілген заңсыз қылмыстық қудалау үшін зиянды өндіру құқығын таныған.

Ал азаматтық талап қараусыз қалдырылған. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Еске сала кетейік, Шухрат Данбай 2022 жылдың ақпанында ұсталған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігі оған қатысты Атырау МӨЗ-на қажетті құрылғы алуға бөлінген қаражатты жымқыру дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Биыл ақпан айында оған қатысты сот үкімі шығып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 3,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Сол кезде бұл Шухрат Данбайға қатысты жалғыз қылмыстық іс емес екені хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022205-atyrau-munai-ondeu-zauytynyn-buryngy-bas-direktory-aqtalyp-syqty/

pixel