Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында дарындыларға қолдау көрсету жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде

Опубликовано:

Оқушылар мен мұғалім
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Білім саласы — үздіксіз ізденіс пен тұрақты тәжірибені қажет ететін қиын сала. Бүгінгі жаңалығыңыз ертең-ақ ескінің кебін киген уақытта білім, ғылым айдынында тоқтап яки дамылдап қалуға мүлде болмайды.

Атаулы салада шың бағындыру үшін шын талантты, асқан дарын болуыңыздың өзі аздық етеді, еңбек ету керек. Бұл тұста дарынды балаларды қанаттандырып, ылғи қолдауын көрсетіп, бағытын айқындап, толассыз білім беретін мұғалімдер қауымының еңбегін ерекше атап өту керек. Сондай ізгі бастамалардың бірі – "Сыр дарыны" жобасы. Жоба мақсаты – өңір көлемінде білім сынақтарынан мүдірмей өтіп, көш бастаған, білім бәйгелерінен алдына қара салмай, дара келген кіл мықтыларды топтастырып, олардың қабілетін одан әрі шыңдау.

Жоба аясында "Сыр дарыны" білімділер академиясы құрылып, оқытудың топтастырылған түріне көшкен. Бұл академияда, сөз басында айтқанымыздай, оқу озаттары, өнертапқыштар, ғылым жолына ниетті білімділер тартылған. Әр оқу жылының басында арнайы іріктеу олимпиадалары ұйымдастырылып, үздік шыққандар академия сабына шақырылады. 2022 жылы қазан айында дәстүрлі түрде іріктеу кезеңі өтіп, жыл аяғына дейін тоқтаусыз дайындықтан өтетіп келеді. Биыл 7 және 10 сынып оқушыларының арасынан 960 мықты іріктеу кезеңінен өтті.

Оқушылар
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оқу-жаттығу жиындары облысымыздың демалыс аймақтарында, сондай-ақ көрікті жерлерінде өтеді. Бұл үздік оқушыларды қанаттандыру үшін және барлық оқушының озат болуына ынталандырады дейді жоба үйлестірушілері. Нақтырақ айтсақ, білім жиындары Арал ауданындағы "Қамбаш" және Жаңақорған ауданындағы "Талдысу" олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтарының базасында өткізілуде. Соңғы айда білім орталықтарында жоспарға сәйкес жолдаманы жеңіп алған 7-сыныптың 240 оқушысы, 9 сыныптың 240 оқушысы білім бәсекелеріне дайындықтарын пысықтады.

Оқушыларды олимпиадаларға дайындау үшін мұғалімдердің де арасынан білімі жоғары, кәсіби құзіретті, біліктілігі басым ұстаздар таңдалып алынған. Жаттығушыларды таңдау пәндері бойынша шебер, педагог-зерттеуші санатындағы мұғалімдер 10 күн бойы сабақ беретін болады. Оларға жасалынған жағдайда ерекше, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар оқушы мен мұғалімдерге білім беру ісін ілгерлетуге мүмкіндік береді.

Оқушылар мен мұғалім
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сонымен қатар сабақ уақытынан тыс кездерде оқушының бос уақытын тиімді үйлестіру мақсатында түрлі мәдени көпшілік іс-шаралар да ұйымдастырылып отырады. Лагерь қызметкерлері психологиялық тренингтер, спорттық шаралар, топтық тапсырмаларға құрастырылған сайыстар, білім деңгейін арттыруға көмектесетін әдістемелік сағаттарын өткізіп, жүйелі жұмыс өрнегін көрсетуде.

Айта кетейік, білімділер академиясының жоспарына сәйкес оқу-жаттығу жиындары 12 аусыммен 6 ай бойы жалғасатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022490-qyzylorda-oblysynda-daryndylarga-qoldau-korsetu-zumysy-zuieli-turde-zurgizilude/

pixel