"Әкемнің жүзін елестете алмаймын": ақтөбелік кейуана халық жауының баласы атанған кезін еске алды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы Түйетөбенің басында өтті. Жиында халық жауының баласы атанғандар өз оқиғасымен бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атаулы күнге ұйымдастырылған шарада зұлмат жылдары жаппай ату жазасына кесілген зиялы қауым жерленген төбенің басында құран бағышталып, оларды үнсіздікпен еске алды.
Шараға қатысқандардың ішінде 93 жастағы Балкенже Қалдымұратова есімді кейуана да бар. Зейнеткер сол зұлмат жылдары атылған әкесін еске алып, көз жасына ерік берді. Сегіз құрсақ көтерген кейуана әкесінің бейітіне жыл сайын келіп, құран бағыштайтынын айтады.
"Әкем кеткенде мен 5-6 жас шамасындағы бала болдым. Әкем Қалдымұрат Қожанұлы 1937 жылы 44 жасында ату жазасына кесілді. Сол жылы 22-25 тамыз аралығында бір топ адамды осы төбенің басында атқан. Қазір әкемнің жүзін елестете алмаймын. Ол кезде ойын баласы болдық. Әкем колхоздың шөбін шабатын. Кешке үйге келгенде шешеміз “әкең шаршап келді, ағаңның үйіне барып ойна” деп бізді шығарып жіберетін. Әкемді алып кеткені туралы айтып жатқан әңгіме еміс-еміс есімде. Біз халық жауының баласы атандық. “Жау” деген сөз ұзаққа дейін айтылды. Жетімдік мойнымыздан түскен жоқ. Тіршілік қылдық. Бүгін 93 жасқа келіп отырмын”, - дейді саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Балкенже Қалдымұратова.
Зерттеушілердің деректері бойынша, 1921-1954 жылдар арасында бұрынғы Кеңес Одағында сотталғандардың жалпы саны 3 млн 777 мың болса, оның 642 мыңына ең ауыр жаза қолдану үкімі шығарылған. Қазақстаннан 100 мыңдай адам сотталып, оның 25 мыңы атылған. Тек Ақтөбенің өзінен 7000 адам айдалып, 1800 адам ату жазасына кесілген. Олардың біразы Түйетөбе басында атылған. Бүгінде Түйетөбеде арнайы ескерткіш тақта орнатылып, еске алу орнына айналған.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов тарихтан сабақ алу керектігін, тәуелсіздік арқасында жастарға жеткізуге мүмкіндік туғанын айтты.
“Өткенге тағзым, болашаққа тағылым. Бәрін ескеруіміз керек. Ондай жағдайды кейін болдырмас үшін керек. Жастарымыз білуі керек. Осының бәрін тәуелсіздіктің арқасында айтуға мүмкіндік туды. Бабаларымыздың айтуға да қорыққан талай жағдай болды. Ондай қасірет қазақ даласында бұдан былай болмасын. Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбановтар бар. Олар жәй өмірден өткен жоқ.
Өздері өткенмен олардың істері қалды. Олардың ойы қалды. Солардың армандаған өмірін бүгін сіздер көрдіңіздер. Тәуелсіз мемлекет болсақ деген алаш басшыларының ойы жүзеге асты. Оны жоңғармен соғысқан кезде де бабаларымыз аңсаған шығар. Ресей импениясының құрамында болған кезде қаншама бабаларымыз да аңсаған шығар. Соны көру біздерге бұйырған”, - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Материал авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022823-akemnin-zuzin-elestete-almaimyn-aqtobelik-keiuana-xalyq-zauynyn-balasy-atangan-kezin-eske-aldy/