Жамбылда полиция қызметкерлерінің қатысы бар болуы мүмкін жанжалдың мән-жайы анықталуда
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны "тәртіп сақшылары төрт жерімнен пышақтады" деп Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне үндеу жасады. Аудандық ауруханаға түскен ер адамның сөзінше, оны алты полицей жабылып ұрған. Полиция департаменті өкілі істің мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Пышақ жарақатымен ауруханаға түскен азамат видеоүндеуінде құзырлы орган басшыларынан көмек сұраған.
"Құрметті Берік Асылов, Марат Ахметжанов, сіздерден көмек сұраймын! Кеше Шу ауданы полиция қызметкерлері мені тоқтатып алып, машинаның алдында ұрып, соқты. 4 жерімнен пышақтады. Енді олар жазадан құтылып кетейін деп жатыр", - дейді ер адам видеода.
Ауруханада жатқан жігіттің туыстары дау дәмханада басталғанын айтады. Олардың сөзінше, ер адамның көлік прокуроры болып істейтін інісі Шудағы дәмханалардың бірінде тәртіп сақшыларымен ерегісіп қалған, артынша төбелес болған, інісіне араша түсуге келген жігіт пышақ жарақатын алған.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиға қалай болғанын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
"Қылмыстық кодекстің 293 бабының 3-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта Жамбыл облыстық полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері істің толық мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті жедел тергеу іс-шарасын жүргізуде", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023479-zambylda-policiya-qyzmetkerlerinin-qatysy-bar-boluy-mumkin-zanzaldyn-man-zaiy-anyqtaluda/