Балаларды қорғау күнінде ақтөбелік 70 бүлдіршін еңбектеп жарысты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде балаларды қорғау күнінде 70 бүлдіршін еңбектеп жарысты. Ерекше байқаудың жанкүйерлері көп болды. Көпшіліктің ортасында жатырқап жылағандар да, пысықтығын көрсетіп, мәреге қарай оза шапқандар да болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбеде бөбектер арасында өткен байқау ерекше болды. Байқауда балалардан гөрі ата-аналары көбірек шаршады. Бейқам, алаңсыз бүлдіршіндер мәре сызығына асықпады.
Тіпті жарыс жолында екенін ұмытып, ойнап, басқа жолаққа өтіп кетіп, аналарын әуре-сарсаңға салғандар да болды.
Алайда бүлдіршіндердің арасында байқау тәртібін түсінгендей, бірден еңбектей жөнелгендер де бар.
Мәре сызығына жеткен сегіз айлық кішкентай Сезімнің анасының қуанышында шек жоқ. Ата-анасының тұңғышы, атасының еркесі ерте еңбектеген.
"Қызым бес айлығынан бастап еңбектеуге талпынды. Бірінші қолына тұрып үйренді. Алты айға толғанда еркін еңбектеп кетті. Бүгінгі жарысты естіп, әкесі екеуміз қатыстырғымыз келді. Дайындалмадық. Баламызға сендік. Атасының қызы. Атын да атасы қойды", - дейді анасы Бақытнұр Мұса.
Еңбектеп жарысудан бөлек балалар мен олардың ата-аналарына арба шеруі, велосипед жарысы ұйымдастырылған.
"Еңбектеуге 70 бала қатысты. Қатысуға тілек білдіргендер көп болды. Байқау шарты бойынша әлі жүрмеген, тек еңбектейтін балаларды алдық. Жасы 6-18 ай аралығындағы балалар шақырылды. Ата-аналарға баланы ұстауға болмайды. Тек түрлі ойыншықтармен алдап шақыруға болады", - дейді Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ФаризаТөлебаева.
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өзі арнайы келіп, балалар арасындағы байқауды тамашалады. Өңір басшысымен бірге естелік суреттерге тускен бүлдіршіндер көп болды.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022979-balalardy-qorgau-kuninde-aqtobelik-70-buldirsin-enbektep-zarysty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.