Арал теңізінің табанынан ұшқан тұзды құмды қалай тоқтатуға болады: Қызылорда облысының әкімі жауап берді
Жарияланған күні:
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-эконмикалық дамуы туралы баяндама жасады. Өңір басшысы әлемдік деңгейде экологиялық апаттың біріне айналған Арал теңізінің тартылуы туралы БАҚ өкілінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналист әкімнен тартылған теңізден ұшқан тұзды құм мәселесін шешуде қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзінше, Арал теңізіне келіп құятын су мөлшері соңғы 12 жылда күрт азайған.
"Арал теңізіндегі экологиялық апат әлем назарында. Өкінішке қарай, соңғы жылдары климатқа байланысты бірқатар мемлекетте су тапшылығы сезілуде. Соңғы 12 жылда Сырдария өзенінен Арал теңізіне түсетін су көлемі 8,5 млрд текше метрге азайып кетті. Алдағы уақытта Арал теңізін сумен толтыру қиындыққа алып келеді. Экологиялық мәселені шешудің бір жолы –Аралдың табанынан ұшқан тұзды тоқтату үшін сексеуіл егу. 2021-2025 жылдар аралығында 1 млн 100 мың гектар жерге сексеуіл егу туралы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Сол тапсырма орындалуда", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, 2021-2022 жылдары Арал теңізі аумағына 350 мың гектарға сексеуіл егілген. Биыл 250 мыңнан аса жерге сексеуіл егу жоспарланған. Жергілікті билік сексеуіл егу арқылы ұшқан тұзды құмды бөгеу жұмыстары экологияның жақсаруына септігін тигізетініне сенеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023755-aral-tenizinin-tabanynan-usqan-tuzdy-qumdy-qalai-toqtatuga-bolady-qyzylorda-oblysynyn-akimi-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.