Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ірі жанармай құю бекеттерінде де жоқ": Ақтөбеде қайтадан автогаз тапшылығы пайда болды (видео)

Жарияланған күні:

Жанармай құю бекеттерінде "газ жоқ" деген жазу
Жанармай құю бекеттерінде "газ жоқ" деген жазу. Видеодан кадр: КТК арнасы

Ақтөбе тұрғындары тағы да автогаз тапшылығына тап болды. Маман маусым айының соңына қарай өңірде автогаз тапшылығы қатты сезілетінін болжап отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы ресми сайтында.

Телеарна мәліметінше, қазір ақтөбелік жүргізушілер қаладан автогаз таба алмай сабылып жүр. Бірер күн бұрын газ тек талонмен ғана беріле бастаған, қазір ол да жоқ.

Ақтөбе облысы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанованың айтуынша, айдың жиырмасынан кейін жағдай тіпті қиындайды.

"Нағыз тапшылықтың көкесі ай аяғында байқалады. Министрлік бөлген көлем біздің аймаққа жетпейді. Әсіресе жазда автогазға сұраныс артады. Ал жауапты басқармалар тапшылық болатынын, мәселені шешу үшін сұранысты алдын ала жіберу керек еді", - дейді Ақтөбе облысы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанова.

Телеарна хабарлауынша, қазір қаладағы автогаз сататын бекеттердің бәрінде "газ жоқ" деген тақтайша ілінген. Ірі желілерде де газ таусылған. Ол жердегілер тапшылық өткен аптада басталғанын айтқан. Сондықтан бірнеше күн бойы талонмен ғана сатқан.

Газ тасымалдаушылардың айтуынша, Энергетика министрлігінің аймаққа бөлген газ көлемі мардымсыз. Ақтөбедегі көліктердің басым бөлігі автогазбен жүреді. Ал айына облысқа 13 мың тоннадан аса автогаз қажет. Бірақ министрлік қазір он мың тонна ғана бөліп отыр екен.

"Газ өндіретін зауыттардан сұратқан ақпаратымызға сәйкес, Ақтөбе облысына 2408 тонна сұйық газ шығарылған. Бұл 22 пайыз. Әлі зауыттан алынбаған 8339 тонна газ бар. Сондай-ақ энергетика министрлігі 1260 тонна қосымша газ бөліп отыр. Оған тапсырысты толтырып жібердік", - дейді Ақтөбе облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023850-iri-zanarmai-quyu-beketterinde-de-zoq-aqtobede-qaitadan-avtogaz-tapsylygy-paida-boldy-video/