Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сені бекер тудым": Атырауда өкпе-реніш жазатын ерекше жәшік пайда болды

Жарияланған күні:

өкпе-реніш жәшігі
Өкпе-реніш жәшігі. Фото: Гаухар Исабекованың жеке мұрағатынан

Атыраулықтар өздерінің ұмыта алмай жүрген өкпе-ренішін ақ қағазға түсіріп, оны арнайы жәшікке сала алады. Мұндай идеяның авторы – атыраулық жас кәсіпкер, психолог Гаухар Исабекова, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ерекше жәшік Жайық жағасындағы саябақтардың біріне қойылды. Оған кез келген адам өзінің өкпе-ренішін, қатты әсер еткен оқиғаларын, осы кезге дейін ұмыта алмай келген жан жарасын қағазға жазып, салады. Бір ерекшелігі – хаттардың авторы белгісіз болып қалады.

"Мұны мейнстрим деп те атауға болады. Өкпе-реніш жәшіктері Алматы, Бішкек, Мәскеу сияқты үлкен қалаларда ұйымдастырылды. Маған да "Атырауда неге осылай жасамасқа?" деген ой келді. Жәшіктің бетіне "Жаныңызды қатты жаралаған оқиға" деп жазып қойдық. Әр түрлі жастағы адам өзінің сырын, қандай адам қандай сөздерімен жаралағанын жазған. Әсіресе жастар қызығушылық танытты. Өйткені олар бұл трендті жақсы біледі", - дейді жоба авторы Гаухар Исабекова.

Айтуынша, 80-ге жуық хат түскен, олардың 90 пайызында ата-анаға деген реніш жазылған. Мысалы авторлардың бірін анасының: "Сені бекер тудым" деген сөзі қатты жараласа, ал енді бірі өздерінің сыныптастарынан, ұстаздарынан буллинг көргендерін жазған.

"Өкінішке қарай көптеген жас өздерінің ата-анаға деген ренішін жазған, олардан естіген ауыр сөздерін бөліскен. Хаттарды жинап алып, оқып, оны видеомен әлеуметтік желіде жарияладық. Комментарий арқылы басқа адамдар жылы сөздерін жазсыншы, жұбатсыншы деген ой болды. Ал негізгі мақсатымыз – ата-аналарға, болашақ аналарға ой салу, яғни баламен қарым-қатынаста сөзімізге абай болу керегін жеткізгіміз келді", - дейді әлеуметтік жоба авторы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба мамыр айында бастау алған, алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені атыраулық жастар тарапынан қызығушылық бар.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023869-seni-beker-tudym-atyrauda-okpe-renis-zazatyn-erekse-zasik-paida-boldy/