Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауыз су тапшылығынан Ақмола облысының бірнеше ауылында төтенше жағдай жарияланды

Жарияланған күні:

су ішіп тұрған торғай
Су ішіп тұрған торғай. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақмола облысы Егіндікөл ауданында төтенше жағдай жарияланды. Оған себеп аудан халқы сәуірден бері ауыз су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін су құбыры апатты жағдайда. Төтенше жағдай осы мәселені шешуді жылдамдату үшін жарияланған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұған дейін БАҚ-та Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары біраз айдан бері ауыз сусыз отырғандарын айтып, жанайқайын жеткізген. Оларға қазір ауыз су арнайы көлікпен тасымалданып отыр.

Облыстық әкімдік бұл мәселеден хабардар екенін айтады. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының 24 елді мекенінде тұратын 14 мыңнан астам халықты сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 337 км Нұра топтық су құбыры апатты жағдайда.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудандағы ауыз судың жалғыз көзі саналатын аталған су құбыры Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиесілі.

"Ол 1970 жылдары салынған, оның көп бөлігі апатты жағдайда, негізгі құрылғылары тозған. Құбырда көптеген жарық бар, сол себепті сумен жабдықтау жиі үзіледі", - дейді су тапшылығының себебін түсіндірген облыстық әкімдік өкілі.

Осы ретте бірнеше ай ауыз су тапшылығынан зардап шеккен аудан тұрғындарының мәселесін жедел шешу үшін ауданда төтенше жағдай жарияланды.

"Нұра топтық су құбырын жөндеу мақсатында су ресурстары жөніндегі комитет құны 385 млн теңге болатын жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. 4 кезеңнен тұратын жобалауды аяқтау 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының нормативтік мерзімі - 24 ай", - дейді Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері.

Әкімдік су құбырының магистральдық желілерінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде халыққа, әлеуметтік объектілерге, су бөлетін колонкалары жоқ екі қабатты құрылыстарға су әкелуді ұйымдастырылғанын атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023888-auyz-su-tapsylygynan-aqmola-oblysynyn-birnese-auylynda-totense-zagdai-zariyalandy/