Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысында орман өрті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Жарияланған күні:

қылмыстық іс
Қылмыстық іс. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бас прокуратура Абай облысында 14 адамның өмірін қиған орман өрті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы қадағалау органы ресми сайтында хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 9 маусым күні Абай облысының орман алқабында орын алған өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды.

Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Сонымен қатар адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді.

Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бірнеше күннен бері Абай облысында орман өрті өршіп тұр. Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.

11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады.

Сонымен қатар президент жедел штабтың отырысын өткізіп, онда облыс әкіміне сөгіс жариялап, Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрдің есебін тоқтатып, мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды.

Сондай-ақ Бас прокуратураға уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырды.

Соңғы мәліметтер бойынша өрт 60 мың гектар аумақты шарпыған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024322-abai-oblysyndagy-orman-orti-boiynsa-qylmystyq-is-qozgaldy/