"Қатқан нан, ашыған айран береді": Түркістан облысында жазғы лагерьге демалысқа барған балалардың шағымы тексерілуде
Опубликовано:

Желіде Түркістан облысындағы жазғы сауықтыру лагеріне демалысқа барған балалардың шағым айтқан видеолары пайда болды. Бейнежазбада балалар лагерьде қатқан нан, ашыған айран, нәрсіз тамақ жеп жүргендерін айтып жылайды. Бұған қатысты облыстық білім басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Демалысқа барған балалардың жыламсырап шағымданған видеоларын журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жариялады.
"Қатқан нан, ашыған айран, нәрсіз дәмсіз тамақ береді. Мұздай тамақ жейміз, сүт деп бергендерінің дәмі нашар. Кейбірімізді тарақан шақты, жылан шақты. Түскі мезгілде ұйықтамасаң, жастық көтертіп бір аяқпен тұрғызып қояды. Жылан да бар лагерьде, көрдік. Кереуеттің екінші қабатынан құлап кеткен қызға ештеңе етпейді" деп жедел жәрдем шақырған да жоқ. Бізді алып кетіңізші", - дейді балалар.
Ал журналист Бауыржан Наймановтың Facebook-тегі парақшасында тағы бір лагерьдегі тәрбиешілер мен ата- аналардың арасында болған дауға қатысты видео жарияланды. Бейнежазбада ата-аналар тарабы тәрбиешілерді алкогольді ішімдік ішіп алған деп айыптаған.
Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбектің сөзінше, жазғы демалыс лагерлерінен шыққан шудың анық-қанығын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылғды.
"Басшының тапсырмасымен мамандардан жасақталған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Түлкібас ауданы таулы аймақ болғандықтан байланыс нашарлау. Жаңа бір хабарласқанымызда "Барлығы дұрыс, балалардың жағдайы жақсы. Балаларын алып кетіп жатқан ата-аналар бар. Ата-анасын көрген соң әрине баланың үйге қайтқысы келетіні белгілі. Ол жерде интернет жоқ. Содан да баланың үйге қайтқысы келетіні сөзсіз. 550-ден аса бала демалып жатыр. Оның 20-сы үйіне қайтып кеткенін мәлім етті", - дейді Нұрлан Сұлтанбек.
Түркістан облыстық білім басқармасы арнайы комиссияның тексеру жұмыстарының нәтижесі қосымша хабарланатынын мәлімдеді.
"Балалардың жазғы лагерін ұйымдастыру - білім саласы үшін маңызды.Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының тікелей тапсырмасымен Түлкібас ауданында орналасқан жазғы сауықтыру лагеріне Түркістан облысы білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы КлараОспанова, Шардара ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Анафия Арыстанбекқызы зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда жауапты мамандар жазғы сауықтыру лагерінде. Арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп, қосымша толық хабарланады", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2024451-qatqan-nan-asygan-airan-beredi-turkistan-oblysynda-zazgy-lagerge-demalysqa-bargan-balalardyn-sagymy-tekserilude/