Зектілері

Қытайда қазақ жастары "Қара жорғаны" ерекше билеп, тойдың сәнін келтірді (видео)

Жарияланған күні:

"Қара жорға" биін билеп жатқан жастар
"Қара жорға" биін билеп жатқан жастар. Фото: instagram.com/otkir_2022

Қытайда тұратын қандастар үйлену тойында қазақтың "Қара жорға" биін заманауи қимылдармен түрлендіріп билеп, тойдың сәнін келтірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тойдан видео Instagram желісіндегі otkir_2022 паблигінде жарияланды. Кадрлардан бір топ қыз-жігіттің жаңа түскен келінмен бірге "Қара жорға" биін билегенін көруге болады.

Негізінде "Қара жорға" биінің түпнұсқадағы қимыл-қозғалысы баяу ырғақты болып келеді. Ал бұл жолғы тойда жастар биді заманауи қимылдармен түрлендіріп, тойдың көркін қыздырған.

Десе де, жастардың биіне қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылған.

Бірі "Қазақта "Қара жорға" деген би жоқ... Қазақтың ер азаматтары ешқашан билемеген. Тарих куә", деп жазса, енді бірі: "Әдемі, жарайсыңдар! Тойда билемегенде қайда билейді, маған ұнады", "Тойларға ұлттық ойындарды, ұлттық билерді қосу керек", - деп жазған.

"ҚазАқпарат" агенттігінің жазуынша, бүгінгі күні жұрт арасында "қазақта би болмаған", "Қара жорға" біздің би емес" деген секілді пікірлер бар. Ал анығында "Қара жорға" - ортамызға қайта оралған жәдігеріміз. Қазақстан аумағында бұл би туралы айтылатын нақты деректерге жүгінсек, 1975 жылы шыққан "Қазақ Совет энциклопедиясының" 6-том, 477-бетіндегі "Қара жорға" - қазақ халық биі" деген анықтама болса, тағы бірі архивтік құжаттарда Мұхтар Әуезовтің 1934 жылы қойылған "Айман-Шолпан" спектаклінде "Қара жорға" биінің үлкен сахнаға тұңғыш рет көтерілгені туралы құнды дерек кездеседі.

Сонымен бірге белгілі қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің XX ғасырдың басында жарық көрген "Жолдастар" атты шығармасында да халық биі "Қара жорға" туралы анық жазылған. Аталған шығармадағы мәліметтерге қарағанда "Қара жорғаның" 1915-1916 жылдардың өзінде қазақ ортасында кең таралған би екенін аңғаруға болады.

Ал қазақтың деректі киносының негізін қалаушы кинорежиссері, Қазақ КСР халық артисі Ораз Әбішевтің 1974 жылы түсірілген, атақты Абсентке арналған "Абсент - сын Араба и Баккары" атты деректі фильмінде де "Қара жорға" биінің көріністері кездеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024707-qytaida-qazaq-zastary-qara-zorgany-erekse-bilep-toidyn-sanin-keltirdi-video/