"Қазынадан қаражат қарастырылмаған": Павлодар облысында бір елдімекен өзен суын ішіп отыр (видео)
Жарияланған күні:
Павлодар облысы Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылындағы тұрғындар суды өзеннен тасып, ішіп отыр. Бұл туралы Astana TV арнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, Павлодар обылысындағы Жаңатілек елдімекенінде тұрғындар су алып жүрген ескі құдық тартылып қалған. Тұрғындардың айтуынша, құдық қазғанмен жақын жерден су шықпайды.
Тұрғындар әкімдік табалдырығын талай тоздырғанын, алайда нәтиже шықпағанын атап өтті. Себебі, әкімдік халық саны 50 адамнан төмен болғандықтан, су тартылмайтынын айтқан.
Телеарна дерегінше, Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылында 40-тай ғана тұрғын бар. Көпшілігі су болмағандықтан көшіп кеткен, қазір елдімекенде бар жоғы 9 үй қалған.
"Осы судан біз де ішеміз, мал да ішеді. Сапасы туралы білмейміз. Әйтеуір ағынды су болғандықтан, алып ішіп жатырмыз. Басқа су жоқ ішетін", - дейді Жаңатілек ауылының тұрғыны Қайырбек Шамсүлеев.
Телеарна хабарлауынша, аудан әкімі ауыз су мәселесін шешу қолдан келмейтінін айтқан. Оның айтуынша, халық саны аз болғандықтан, су құбырын тартуға қазынадан қаражат қарастырылмаған.
"Депутатар оның ішінде мәслихаттың төрағасы осы мәселе бойынша әңгімелескенбіз. Бір барып, ауылдың қалталы азаматтарын жинайық, басын қосайық. 5-6 қалталы азаматтар бар. Соларды сұрайық. Қазақта жақсы мақал бар ғой. Көп түкірсе көл болады деген сияқты. Иә, ол мәселе бар. Сол жерден ұңғыма қазып берсе дұрыс болар еді", - дейді Май ауданының ікімі Ағыбай Әмірин.
Арна келтірген мәлімет бойынша өңірде таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95 процентке жеткен. Алайда, 54 елдімекен әлі күнге дейін сусыз отыр.
"Ауылдық елдімекендерге 15 млрд-тай қаражат қарастырылған. Ол 27 жоба бойынша. Биылғы таңда біздің жоспар бойынша 27 жобаны іске асырамыз. Соны асырғаннан кейін біздің сумен қамтамасыз ету деңгейі 98 ге дейін жететін болады", - дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025166-qazynadan-qarazat-qarastyrylmagan-pavlodar-oblysynda-bir-eldimeken-ozen-suyn-isip-otyr/