"Бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отыр": арбаға таңылған атыраулық жерлестерінің үйлі болуына қол ұшын берді
Жарияланған күні:
Атырау облысы Индер ауданының тумасы Қуат Жанесеев - арбаға таңылса да біраз адамға үлгі. Ол найза, диск, ядро лақтырудан Қазақстан чемпионы, кәсіпкер, белсенді волонтер, ауылындағы сегіз отбасыға үй алуға көмектескен жан. Жақында ол Индер ауданының әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
2010 жылы болған ірі жол апаты Қуаттың есінен әлі кетпейді. Айтуынша, таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан кезде жеңіл көлік қағып, қарсы келе жатқан автобус үстінен жүріп өткен. Қуат Жанесеевке 10 ота жасалып, оның жетеуі ауыр болған.
"Ең бастысы, тірі қалдым. Алдымен Алла, одан кейін қасымнан табылған ата-анама, бауырларыма, достарыма алғысым шексіз. Өздігімнен отыра алмадым, аунай алмадым, сөйлемедім. Тек трубкамен шәй мен сорпа ішіп, екі жылдай төсек тартып жаттым. Достарым келіп жуындырып, далаға шығарып көңілімді аулайтын. Ол кездің бәрі артта қалды. Ауырып жатқан кезде "қалай да ата-анамды асырауым керек, барлық сынақты жеңуім керек" деп алдыма үлкен мақсат қойдым. Алланың қалауымен сол арманыма жеттім", - дейді Қуат Жанесеев.
Кәсіпкер арбамен жүріп-ақ өз ауданында бірнеше бизнесін дөңгелетіп отыр. Кешкілік уақытта батутты жалға беріп, тәтті мақта, поп-корн сатумен айналысады. Демалыс күндері тойларды безендіреді, сонымен қатар, той иелерімен келісіп, олардың қуаныштарына бишілер тобын әкеледі.
"Кәсібімді 20 мың теңгемен бастадым. А4 форматындағы қағазды көтерме бағамен, яғни 500 теңгеге сатып алып, 750 теңгеге сататын болдым. Әр дүкенді, мектепті аралап жүріп өткізетінмін. Кейін түрлі курстарды оқып, тренингтерден өтіп бизнесімді әрі қарай дамыттым. Қазіргі кезде еңбегімнің жемісін көріп отырмын, - дейді ол.
Бүгінде Қуат өзінің "Жомарт жүрек" атты қайырымдылық қорын ашып, ауылдастарына қол ұшын беріп отыр. Шот ашып, өзі басы-қасында жүріп, сегіз отбасының үйлі болуына атсалысқан. Онымен қоса қыс мезгілінде өртенген екі үйдің шатырын ауыстырып, еріктілерімен бірге жөндеу жүргізген. Сондай-ақ әр жұма сайын тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты үлкен кісілерге азық-түлік ұйымдастыратынын айтады.
"Жеті баланың Стамбулға барып ем алуына қаражат жинап бердік. "Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін" деген жақсы сөз бар ғой қазақта. Өзгелерге мотивация болсын деген ниетпен ғана айтып жатырмын. Қандай да сбор ашқан кезде бірден қол ұшын беруге дайын тұратын жерлестеріме де алғысым шексіз", - дейді кейіпкер.
Қуат Жанесеев облыстағы белсенді блогерлердің бірі. "Халық алғысы" медалінің иегері, Атырау облысының "Үздік волонтеры", "Үздік блогері" номинацияларын иемденген. Ал жақында Индер ауданы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған.
"Шынымды айтсам, мен өзімнің мүгедектігім, жүре алмайтыным туралы көп ойламаймын. Өзімді шектемеймін. Қандай жағдай болмасын алға ұмтылуға тырысамын. Бұрын арбамен жүруге ұялатын едім. Ал қазір, керісінше аяқ-қолдары балғадай, бірақ бір нәрсе жасауға ерінетін ер азаматтарды көріп жаным ашиды", - дейді ол.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025432-birnese-kasipti-dongeletip-otyr-arbaga-tanylgan-atyraulyq-zerlesterinin-uili-boluyna-qol-usyn-berdi/