Жамбыл облысындағы ауылдардың біріндегі жаңа төселген асфальт бір аптаға ғана шыдаған
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы Сұрат ауылына салынған 8 көшедегі сапасыз жол қайта жөнделеді. Бұл туралы "Хабар 24" арнасы хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, 71 миллион теңгеге 8 көшені асфальттаған мердігер енді сапасыз учаскелерді қайта қырып, жаңасын салуға міндеттелді.
Бұған дейін құрылыс компаниясының салғырттығын сол ауылдан сайланған депутат дер кезінде байқаған.
"Бұған дейін жақсы төселінген. Ортасында осы құрамы құрыды ма? Сапасы өзгеріп, осы дау-дамайға әкелді. 1 аптадан кейін, міне, қолмен тағы да қопарып отырмыз. Болғанды мойындау керек. Мемлекеттің беріп жатқан жақсылығын елге үлестіре білу қажет деп ойлаймын", - деді Меркі аудандық мәслихатының депутаты Тәуіржан Алтыбаев.
Телеарна дерегінше, әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазбада тасжолдың қолдың күшімен-ақ үгітіліп жатқанын көруге болады. Ал оны салған компания зауыттан шыққан материалдың сапасыздығын алға тартады.
Дегенмен мердігер сапасыз салынған жолды қайта қалпына келтіруге міндеттелген. Ал аудан билігі ауыл жолдарының әлі де сараптамадан өтпегенін, сол себепті қабылданбағанын алға тартып отыр.
"Зауыттан шыққан 5 машина асфальт жабындысы қазіргі сапасыз болуына байланысты ақаулар табылды. Ол туралы осы жолды қадағалаушы технадзор тарапынан 2-ші нөмірдегі ұйғарым беріліп. Қазіргі таңда мердігер компанияға жолданды", - дейді Сұрат ауылының әкімі Жасұлан Жантелиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025667-zambyl-oblysyndagy-auyldardyn-birindegi-zana-asfalt-bir-aptaga-gana-sydagan/