Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оңайлықпен келген жоқ": екі қолынан айырылған ақтөбелік азамат үйінде құс өсіріп, миллиондап табыс тауып отыр

Жарияланған күні:

Тайбек Өтегенов
Тайбек Өтегенов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Тайбек Өтегенов 20 жыл бұрын мал бағып жүріп, кенеттен токқа түсіп, екі қолынан айырылған. Қазір мүгедектігі бар жан асыл тұқымды құс өсірумен айналысады. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Тайбек Өтегеновтың шыңырағына арнайы барды. Мүгедектігі бар азаматтың кәсібімен танысып, еңбексүйгіштігіне тәнті болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Өңір басшысы кәсіпкер жігітті елге үлгі етті.

"Мұның бәрі еңбек. Тайбек, айналайын сен халыққа өнегесің. Үйрек пен тауық өсіру арқылы 30 млн теңге табыс тауып отыр. Болашақта ауданды өзің секілді азаматтар құс етімен қамтамасыз етеді. Өмірді қалай сүю керек, өмір үшін қалай күресу керек, сен соның дәлелісің", - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Шалқар тұрғындарымен кездескен Ералы Тоғжанов
Ералы Тоғжанов Шалқар тұрғындарымен кездесуінде. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тайбек Өтегенов 41 жаста. Жиырма жыл бұрын қой бағып жүрген кезде кенеттен тоққа түсіп, екі қолынан айрылды. Ұзақ уақыт төрт қабырғаға қамалып, күйзеліске түскен азамат қиындықты қалай жеңіп шыққанын айтып берді.

"Қазір сайрап тұрғаныммен бұл маған оңайлықпен келген жоқ. Қолымның кесілгеніне 20 жыл болды. Мал бағып жүргенде токқа түсіп қалдым. Төрт бөлмеде қамалып қалған қиын күндер болды. "Мен неге біреудің көмегіне мұқтажбын? Он екі мүшесі сау адамнан артық өмір сүруім керек" деп өзімді қайрап, намысқа тырысып, он жыл дегенде аяққа тұрдым. Кесілген екі қолымды еңбекке үйрету оңай болмады. Кесе ұстауды үйрену үшін бір жыл уақытым кетті. Сол жылдары қойды өрістен әкелгенде ағам үйде ауырыңқырап жатты. Көрші баладан малға су беруге көмектесіп жіберуін сұрадым. Ол жігіт "мен үшін мал жинайсыңдар ма?" деп бұрылмай кетті. Сол кезде көкейіме өксік келді. Оның "құя алмайсың" деген сөзі маған қамшыдай тиді. Сол жерде шелекті икемдеп алып, құдыққа салып, жайлап алып шықтым. Икемге келеді екен. Тоқтамадым. Өзім жасай бердім, төрт жыл дегенде шелекпен су алып құюды үйрендім", - дейді кәсіпкер азамат.

үй құстары
Үй құстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Кейін ол 2018 жылы "Бизнес –Бастау" бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, кәсіп ашқан. Жұмыртқадан балапан шығарып, жерлестеріне құс, жұмыртқа сата бастады. Алғашында 40-50 балапан шығара алатын кішкентай аппараттар алады. Екі жылдан кейін кәсіпті кеңейту мақсатында 2 млн теңге несие алады. Осылайша жұмыспен қамту орталығынан бір адамды жұмыспен қамтиды. Қазір 21 күнде 1 мың дана балапан шығарып отыр. Сұраныс та көбейгенін айтады. Басқа аудандарға ғана емес, көрші облыстарға да құс жеткізіп беріп отыр.

балапандар
Балапандар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Арманым - елге адал еңбек ету, жұмыс істеймін деген адамға кедергі жоқ. Екі қолсыз да еңбек етуге болады. Алланың адамға берген мүмкіндіктері шексіз. Осы қолыммен көлік те айдаймын, құстарыма жем-суын беремін. Қасымда бауырларым көмектесіп отыр. Екі балам бар. Қазақ жетім-жесірін жылатпаған ел. Келіншегімді бөпесімен алдым. Бала аутизммен ауырады. Ол баланы өз баламнан артық жақсы көремін. Ең басты байлық - денсаулық. 12 мүшең түгел болса, одан артық қандай бақыт болуы мүмкін" , - дейді ол.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026068-onailyqpen-kelgen-zoq-eki-qolynan-aiyrylgan-aqtobelik-azamat-uiinde-qus-osirip-milliondap-tabys-tauyp-otyr/