Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі айдан бері істемейді": Таразда субұрқақтар жаз ортасына таяса да әлі қосылмаған

Опубликовано:

Тараздағы субұрқақ
Таразда істен шыққан субұрқақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

Таразда субұрқақтар құрғап тұр. Облыс орталығындағы 30-дан аса субұрқақ сәуір айының соңынан бастап атқылап тұруы керек еді. Қазір қаладағы фонтандар қирап, тозып бара жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қала ішіндегі субұрқақтардың бірінің сорғысы істен шықса, енді бірінің электр жабдықтары тозып кеткен. Құбырлары тесіліп, жөндеусіз жатыр. Әсіресе қала орталығы мен "Жастар" саябағындағы субұрқақ кешені құрғап қалған. Ал "Арбат" маңындағы фонтандардың ортасы опырылған. Тұрғындар олардың қосылмай тұрғанына наразы.

істен шыққан субұрқақ
Тарадағы субұрқақтардың бірі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Екі айдан бері ешқайсысы істемейді. Соны қосып қойса болады ғой, кішкене біз сияқты қария кісілер демалатын. Соның қасында отырып, мен қайта күш жинайтын едім. Адамға салқындап отыру үшін керек қой. Құстарға да обал су ішетін жер таппай жүр", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Жарқын Қошқарова.

Көгершін
Су іздеген көгершін. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тараз қалысының әкімдігі фонтандар мәселесі алдағы 10 күнде шешіледі деп сендіреді. Қала билігіне қарайтын серіктестік құзырындағы субұрқақтардың сорғылары күйіп кеткен. Өткен айдың басында мердігерлерге 17 млн теңгеге тапсырыс берілген. Бірақ кәсіпкерлер талапқа сай емес жабдықтар жеткізгендіктен құрылғыларын қабылдамай қойғандарын айтты.

субұрқақ
Құрғап тұрған субұрқақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Алпыстан астам сорғы күйіп кетіп, істемей жатыр. Біз мемлекеттік сатып алу порталына беріп қойғанбыз. Өзінің техникалық талабына сай келмей жатыр. Сапасы арзанын алып келеді. Ол бір-екі күн жұмыс істейді де күйіп кетеді. Сәуір айының 28-і күні барлығы қосылуы керек еді. Оның алдында бірнешеуін қосып көрдік. Қалғандарын енді күтіп отырмыз. Келген бойда бірден жалғап жатырмыз", - дейді "Жасыл Ел – Тараз" ЖШС бас инженері Талғат Торғаев.

Айта кетейік, бүгінше Тараз қаласында күннің көзі біршама төмендеп, ауа температурасы +31 градусты көрсетуде. Ертеңнен бастап қайта ысиды. Сондықтан тұрғындар субұрқақтарды қосуды барынша тездетуді сұрайды.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025949-eki-aidan-beri-istemeidi-tarazda-suburqaqtar-zaz-ortasyna-tayasa-da-ali-qosylmagan-foto/

pixel