Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы орман өрті: жанған ағаш діңі кімдерге сатылатыны белгілі болды

Жарияланған күні:

Орман өрті
Орман өрті. Көрнекі фото: pixabay.com

Маусым айының басында Абай облысында мыңдаған гектар орман алқабы өртенді. Бұл жағдайдан соң әлеуметтік желіде жанған орман ағаштарының қалдығы туралы сөз болды. Осы ретте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Абай облысындағы өртте жанған ағаш діңін пайдалануға қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.

Комитет заң бойынша өртенген ағаштарды кімдер және қалай пайдаланатыны жөніндегі сұраққа жауап берді. Ведомствоның мәліметінше, өртенген ағаштарды пайдаға жарату кеспеағаш аймағын бөліп беру мен таксациялау қағидаларына, сондай-ақ сүректі (ағаштың діңі - ред.) түбірімен босату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

"Бұл ретте орман иеленуші ("Семей орманы" МОТР" РММ) сүректі аукцион арқылы жергілікті халыққа, жеке және заңды тұлғаларға белгіленген сомасымен іске асырады. Одан түскен қаражат орманды қалпына келтіру іс-шараларына бағытталады", - делінген ресми жауапта.

Комитет қазіргі таңда орман иеленуші өрт болған жерден ағаштарды әлі саудаға салмағанын мәлім етті. Сондай-ақ, желідегі өрт болған орманнан жүк тиеген автокөліктің суреттері жалған екенін тағы да атап өтті.

Еске сала кетейік, Абай облысындағы орман өрті 8 маусымда басталған. Оқиға салдарынан 14 адам – "Семей орманы" табиғи резерватының қызметкерлері қаза тапты. Осыған байланысты 12 маусымда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы төтенше жағдай орнына барды. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтты, сондай-ақ жедел штаб отырысын өткізді.

Кейін Бас прокуратура өртке қатысты екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Төтенше жағдай орын алған жерге Экология және табиғи ресурстар министрі де барды. Зүлфия Сүлейменова өрттің экологияға келтірген зияны туралы айтып, өрт сөндірілгеннен кейін одан келген залал есептелетінін мәлім еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026509-abai-oblysyndagy-orman-orti-zangan-agas-dini-kimderge-satylatyny-belgili-boldy/