Қазақстанда неке бұрынғыдай АХАТ бөлімшелерінде тіркеле береді
Жарияланған күні:
Елімізде некені тіркеуді бұрынғыдай АХАТ органдары жүзеге асыратын болады. 1 шілдеден бастап бұл қызмет 3 874 теңгені құрайды, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"1 шілдеден бастап АХАТ функциялары мемлекеттік корпорацияға берілетін болады. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Бұл қызметті аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады", - дейді Алматы қаласы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.
Оның айтуынша, некені тіркеуге өтінішті қабылдау, өңдеу, сондай-ақ шешім қабылдау және нәтижесін шығару сынды қызметтерді АХАТ органдары атқаратын болады.
Әсем Болатбекованың ақпаратынша, некеге тұрғысы келетін жандар некеге тұратын күні яғни некені тіркейтін күні тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттарын бірге әкелуі керек.
Сондай-ақ оның сөзінше, өтініш берген кезде клиент неке қиюдың форматын өзі таңдайды. Яғни, жұбайлардың қалауы бойынша неке қию ресімін салтанатты түрде өткізуге болады немесе мұндай рәсімді мүлде жасамауға да болады.
"Некеге тұратын адамдар өз қалауы бойынша салтанатты жағдайда тіркеуші органдардың арнайы жабдықталған орындарында немесе арнайы бекітілген мемлекеттік неке сарайларында тіркеле алады. Куәлік берудің нақты уақыты мен осы рәсімді салтанатты жағдайда өткізу шарты өтініш берген кезде алдын ала келісілетінін атап өтеміз. Некені салтанатты жағдайда тіркеу міндетті рәсім болып табылмайды және тараптардың қалауы бойынша жүзеге асырылады", - дейді Әсем Болатбекова.
Сонымен қатар мемлекеттік корпорация өкілдері АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсететінін, ХҚКО операторларын қоса алғанда, мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайтынын, жеке өмір, жеке отбасылық өмірі мен отбасылық құпиясы заңның қорғауында болатынын атап өтті.
Тарифтерге келетін болсақ, АХАТ-та тегін әрі ақылай қызметтер бар. Мысалы, 1 шілдеден бастап некені тіркеу 3874 теңге, ал өзара келісім бойынша некені бұзу 7728 теңгені құрайды. Тууды, өлімді тіркеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтер тегін.
Спикер Әсем Болатбекованың сөзінше, АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі - цифрландыруға көші процесін жүзеге асыру.
"АХАЖ функцияларының Мемлекеттік корпорацияға берілуінің басты себептерінің бірі – АХАТ электрондық базасында жүргізілген цифрландырудың сапасыздығы. Атап айтқанда, сапасыз сканерленген құжаттар, қате деректер енгізу, өзгерістер тіркелмеген. Айта кету керек, құжаттар 1937 жылдан бастап сканерленіп, базаға енгізіліп келеді", - деп толықтырды ол.
Ведомство мәліметінше, цифрландырумен Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Мемлекеттік корпорация қызметкерлері айналысатын болады. Бұл адамдарды артық құжаттармен әурелемей, мекемеден мекемеге жүгіртпей-ақ мемлекеттік органдар ақпарат ала алатын, таза, өзекті деректер банкін құруға мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026809-qazaqstanda-neke-buryngydai-axat-bolimselerinde-tirkeletin-bolady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.