Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Домбыра - қазақтың жан жолдасы": Ақтөбедегі алаңда мың адам домбыра тартты (фото)

Опубликовано:

Домбыра күні
Домбырашылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін Ақтөбедегі "Қазақ еліне мың алғыс" стелласы алаңында 1000 домбырашы күй тартты. Ұлттық мереке 85 жастағы дирижер Қайырғали Қожанбаевтың батасымен ашылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Домбыра - қазақтың жан жолдасы, рухани жан азығы болып келе жатыр. Домбыра туралы ән де бар. Бәленбай мың күй бар. Әншілердің, күйшілердің, оркестрдің қолында, бір сөзбен айтқанда бәрінің қолында домбыра. "Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" деп те айтамыз. Домбыраны дәріптеп, әспеттеп, оған көңілдегі, жүрегіндегі ойларын айтқан лебіз аз емес. Үкіметіміз осының бәрін ескере келіп, домбыраға осындай күн бөлген. Оған халық риза. Қазақ халқы тірі тұрғанда домбыра өлмейді, домбыра сайрайды, домбыра күй тартады, өзінің адамға деген, халыққа деген қызметін атқара береді", - дейді ардагер Қайырғали Қожанбаев.

Домбырашы
Домбырашы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шараға облыстағы танымал күйшілер, кәсіби ұжымдар мен өнерпаздардан бөлек қарапайым қала тұрғындары мен ақсақалдар да келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындарын қамту мақсатында алдын ала әлеуметтік желіде хабарландыру таратылған. 200 адам қатысуға ниет білдірген.

"Домбыра тартып жүргеніме 60 жыл болды. Қазақтың ұлттық аспабын бала күннен тартамыз. Төрт ұл, төрт келінім, 13 немерем бар. Балалардың бәрі домбыра тартады. Қазір ұлттық мерекеге айналып насихатталып жатыр. Бүгін арнайы келіп, біз де қатысып жатырмыз", - дейді қала тұрғыны Көпжасар Қыпшақбаев.

Мың домбырашының қатарына қосылып, облыс әкімінің кеңесшісі де күй тартты.

Домбыра күні
Домбыра күні. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Домбыраны 10 жыл бұрын Секен Тұрысбековтен үйренгенмін. Қазір 30 шақты күй тарта аламын. Барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын", - дейді Болат Мажағұлов.

Өнерлі ақтөбеліктер Құрманғазы Сағырбайұлының "Адай", "Сарыарқа", "Балбырауын", Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым", Ахмет Жұбановтың "Би күйін" орындады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027211-dombyra-qazaqtyn-zan-zoldasy-aqtobedegi-alanda-myn-adam-dombyra-tartty-foto/

pixel