Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ хандығы монументінің жанында ұйықтап қалған": тараздық полицейлер бір үйдің жоғалған үш баласын тапты

Опубликовано:

Шөпте жатқан балалар
Шөпте жатқан балалар. Көрнекі фото: getty/stock photo

Тараздық полицейлер ойнап жүріп, адасып кеткен бір үйдің үш баласын тапты. Олар қала шетіндегі монументтің жанында ұйықтап жатқан жерінен табылған, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.

Ақпараттық порталдың мәліметінше, 3 шілде күні сағат 00:34-те Тараз қаласы ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының шағын аудандарының бірінде кәмелетке толмаған екі ұл мен бір қыз баланың табылмай жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Тексеру кезінде балалардың ата-анасының тиісті бақылауында болмағандығы, яғни балаларды 15 жастағы үлкен ағаларына тапсырып кеткендігі анықталған.

Ал сағат 14:00-де балалар үйден тыс жерге ойнауға шығып, содан оралмаған. Ағасы бауырларын өз бетінше іздеуге тырысқан, бірақ таба алмаған.

Басылымның жазуынша, балаларды іздестіруге 500-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылған. Полицияның барлық кешенді күші мен нарядына бағдарлар жіберіліп, іздеу шараларына еріктілер де қосылған.

"Біз барлық аурухананы дереу тексердік, балалар тұратын үйді, сондай-ақ жатақханалардың жанындағы пәтерлерді араладық. ІІО-да есепте тұрған азаматтар тексерілді. Оларды аман-есен табу бірінші кезектегі міндет болды", - дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.

Басылым дерегінше, полицейлер жүргізген үздіксіз іздеу шараларының нәтижесінде балалар қала шетіндегі "Қазақ хандығының 550 жылдығы" монументінің жанында ұйықтап жатқан жерінен табылған. Балалардың айтуынша, олар үйден тыс жерде ойнап жүріп, адасып кеткен.

Қазірге кезде балалар ата-анасына тапсырылған.

"Жаз айында кәмелетке толмағандар көбінесе ата-аналарының назарынан тыс қалады. Балалар мектептен тыс, ал ата-аналар жұмыста болады. Балаңыздың не істеп жатқанын, қайда уақыт өткізетінін, кіммен сөйлесетінін әрқашан білу маңызды. Қадағалаусыз жүрген балалар қауіпті жағдайға ұшырайды және көбінесе қылмыстық және азғындық әрекеттерге ұрынады", – дейді полиция өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027388-qazaq-xandygynyn-550-zyldygy-monumentinin-zanynda-uiyqtap-qalgan-tarazdyq-policeiler-bir-uidin-zogalgan-us-balasyn-tapty/

pixel