Кенесары ханның Құран кітабы ҚМДБ-ға табысталды (фото)
Жарияланған күні:
Кенесары ханның Құран кітабы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табысталды. Бұл туралы мүфтият ресми сайтында хабарлады.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге оралғаны жайында мәлім еткен болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табысталатынын атап өткен еді.
Бүгін, 4 шілдеде президенттің тікелей тапсырмасы бойынша мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп, Кенесары ханның Құран кітабын табыстаған.
Мемлекеттік кеңесші Құран кітапты отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттегенін, бірауыздан оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтағанын атап өткен.
Сонымен қатар ол Құран кітаптың жан-жақты сипаттамасын баяндап, ерекшеліктерін айтып берген.
ҚМДБ-ның хабарлауынша, ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027576-kenesary-xannyn-quran-kitaby-qmdb-ga-tabystaldy-foto/