Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Базарға 1,5 сағатта жетемін": І топтағы мүгедектігі бар ақтөбелік азамат аптап ыстықта қалай табыс тауып жүр (фото)

Жарияланған күні:

Орынбай Данаев
Орынбай Данаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

І топ мүгедектігі бар ақтөбелік азамат жаздың аптап ыстығына, қыста үскірік аязға қарамастан күнделікті базарға шығады. Арбасын сүйреп әкеліп, көже мен жүгері сатады. 31 жастағы Орынбай Данаев мұны 10 жылдан бері кәсіп қылып алған. Адал еңбек, маңдай термен табыс тауып жүрген ерекше азамат KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Бүл күндері Ақтөбеде шілденің шіліңгір ыстығы басталды. Соған қарамастан таң ата Орынбай Данаев жұмысына асығады.

"Күнде таңғы сағат бесте тұрамын. Базарға жұмысқа келгендей дайындаламын. Үйден сағат 7-де шыққаннан осы жерге 1,5 сағатта жетемін. Кейде таңғы алтыда шығып кетемін. Үйім базарға алыс емес. Бірақ маған кейде жеткізбейді. Осы жерге келгенше Бестамақ ауылына барып келгендей шаршаймын. Бірақ науқаспын деп қарап отырғаннан еңбек жақсы", - дейді Орынбай Данаев.

І топтағы мүгедектігі бар арбадағы азамат Алға ауданы Тоқмансай ауылының тумасы. 2006 жылдар бері қалада ата-анасымен бірге тұрады. 10 жылдан бері базарға шығып жүр. Күніне 50 литр көже мен жүгерісін сүйреп әкеледі. 1 л көжені 400 теңгеден сатып отыр. Кейде әкелген сусынның бәрі өтеді. Кей күндері сүйреп қайтуға тура келеді. Десе де, арбадағы жан мойыған емес. Мұздатқышын да өзі дайындап алған.

Орынбай Данаев
Орынбай Данаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Көжені арпа мен күріштен анам дайындап береді. Аз да болса табыс. Тапқаным артылса емге жинаймын. Аяқ буындарым әлсіз, жүріп-тұру қиын. Арманым - өзіме шағын кәсіп ашу, емделу", - дейді ол.

Туа бітті сал ауруына шалдыққан азамат алған несиесін жаба алмай қалған. Банк есепшотын бұғаттап тастаған. Қазір студент інісінің есепшоты арқылы табыс тауып отыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028042-bazarga-15-sagatta-zetemin-i-toptagy-mugedektigi-bar-aqtobelik-azamat-aptap-ystyqta-qalai-tabys-tauyp-zur-foto/