Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шетелге кеткен дәрігерлерді енді түсіндім": танымал шымкенттік хирург трансплантация жасамайтынын мәлімдеді

Опубликовано:

трансплантолог Абылай Донбай
Абылай Донбай. Фото: Facebook/Абылай Донбай

Танымал шымкенттік трансплантолог Абылай Донбай қалалық денсаулық сақтау басқармасынан қысым көргені туралы жазып, бұдан былай трансплантация жасамайтынын, жұмыстан шығатынын мәлімдеді. Бұған қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Абылай Донбай бұл жайлы Facebook-тегі парақшасында жазған болатын. Оның сөзінше, басқарма басшылығы №1 қалалық аурухананың қызметкерлерін жинап, өзіне қарсы қойған. Сол себепті жұмыстан кеткенін мәлімдеді.

"Мен енді трансплантация жасамаймын деп шештім. Кезегін күтіп жүрген трансплантация жасатамын деген қарапайым қазақтың адамдарынан обал болды. Кешеден бастап мен бұл Қалалық ауруханада жұмыс істемеймін. Кезекте тұрған науқастарға айттым. Шетелге кетіп қалған дәрігерлерді енді түсіндім. Біздің медицинамыздың неге дамымайтынын да түсіндім", - дейді ол желідегі жазбасында.

Бұған қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдіріп, дәрігердің қызметінен босатылғанын мәлім етті.

"Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен биылғы жылдың 10 шілдесінен бастап Абылай Донбаймен еңбек шарты тоқталды.

Еңбек шартының тоқтатылуының себебі  басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Абдуллаевтың атына басқарманың салалық бөлімдері тарапынан аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайға қатысты бірқатар кемшілікке жол берілгендігі көрсетіліп, бес қызметтік хат түскен", - делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада басқарма тарапынан бұрынғы бас дәрігерге қысым көрсетілмегені аталып өткен.

Одан бөлек қалалық денсаулық басқармасының портал тілшісіне хабарлауынша, Абылай Донбай бас дәрігер қызметінен босатылғанымен, басқарма тарапынан трансплантациялық ота жасауға ешқандай шектеу жоқ.

Ведомство қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті екенін атап өтіп, қажеттілікке байланысты науқастарға трансплантациялық ота жасалатынын жеткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028395-setelge-ketken-darigerlerdi-endi-tusindim-tanymal-symkenttik-xirurg-budan-bylai-transplantaciya-zasamaitynyn-malimdedi/

pixel