"Уақытша есепке қою құқығы беріледі": ІІМ тіркеуге ілінбей қалған шетелдік автокөліктер туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Елімізде бүгінге дейін шетелден әкелінген 204 мың автокөлік заңдастырылса, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтуде. Сондай-ақ биыл 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструктор қазақстандық есепке қойылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл 23 қаңтардан бастап елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру ісін жүргізді. 1 шілдеде шетелдік автокөліктерді тіркеу аяқталды.
Осыған байланысты портал тілшісі ведомствоға бірқатар сауал жолдады. Министрлікке бүгінге дейін қанша автокөлік заңдастырылғаны, қай елдерден әкелінген көліктердің жиі кездескені, сондай-ақ көлігін рәсімдей алмаған азаматтардың бұдан арғы әрекеті туралы сұрақ қойылды.
"12 шілдедегі жағдай бойынша 204 мың автомобиль заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтуде. Сондай-ақ биыл 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструктор қазақстандық есепке қойылды", - делінген ІІМ баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.
Министрлік мәліметінше, заңдастырылған автомобильдердің дені Кеден одағынан.
"Соның ішінде: Ресейден әкелінген көліктің үлесі – 66,3 пайыз, Армения – 18,5 пайыз, Қырғызстан – 10,8 пайыз, басқа елдер – 4,4 пайыз", - деп жауап берді ІІМ БАҚ-пен байланыс тобының бас маманы Меңдолла Шамұратов.
Сонымен қатар ІІМ 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автомобильдерге қатысты пікір білдірді. Ведомство олардың міндетті автосақтандыру полисін рәсімдей алмайтынын, сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінсе де заңдастырылмаған шетелдік автомобильдер автосақтандыру полисін ұзарта алмайтынын мәлім етті.
Бұдан бөлек Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепке байланысты заңдастырылмаған автомобиль иелеріне көліктерін Қазақстанда 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы берілетін болады.
Осы аралықта олар көлікті кері әкетеді немесе оны кейін Қазақстанның заңдастыру талаптарына сәйкес бастапқы тіркеу туралы міндеттеме шарттарына сай зандастырады.
Осыған байланысты қазіргі уақытта министрлік шетелдік автомобильдерді заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында бір ай ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028549-saqtandyru-polisin-rasimdei-almaidy-iim-tirkeuge-ilinbei-qalgan-seteldik-avtokolikter-turaly-pikir-bildirdi/