Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Барлығы заң жүзінде": атыраулықтар ойын алаңы орнына азық-түлік дүңгіршегі салынғанына наразылық білдірді

Опубликовано:

Тұрғын үйдің ауласы
Тұрғын үйдің ауласы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырауда көпқабатты үйлердің бірінің ауласына азық-түлік дүңгіршегі тұрғызылған. Нұрсая ықшамауданының тұрғындары жиналып, олардың рұқсатынсыз салынған дүңгіршекті алып тастауын талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Пәтер иелерінің айтуынша, жеке кәсіпкер балалар ойнайтын алаңға іргетас құйып, аз уақыттың ішінде дүңгіршек салып тастаған. Ол көлік тұрағына да кедергі келтіріп отыр дейді тұрғындар.

"Балалардың ойнайтын жеріне ешкімнің құрылыс жүргізуіне құқығы жоқ. Онымен қоса ауламыз тар, көлік қоятын жерге де кедергі келтіріп отыр. Үйіміздің тап алдына салып қойды. Бұрын ойнап жүрген балаларымызды терезеден бақылап қоятын едік. Енді салынған дүңгіршек алдымызды жауып тұр. Тіпті ешбір тұрғынның рұқсатын алған емес. Рұқсат қағаздарын да бізге көрсетпеді", - дейді №109 үйдің тұрғыны Назира Сейткерейқызы.

атыраулықтар
Атырау тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындар 4 жыл бұрын берілген үйдің мәселесі аз емес екенін айтады. Ойын алаңындағы әткеншек пен сырғанақтың ескіргенін, есік алдында жасанды кедергілердің жоқтығын сөз етті.

"Үйіміз 2019 жылы берілді. Балалар ойнайтын жерді жаңартып, футбол алаңын салып берсін деп жүргенде орнына осы дүңгіршекті салып тастады. Бұл жерде біз тұратын болғандықтан, тұрғындардың талабы ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Кәсіпкерге біпнеше рет хабарластық, бірақ әртүрлі сылтау айтып бізбен кездесуден қашып жүр. Сондай-ақ үйдің алдымен көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Жасанды кедергілер де жоқ. Жақында көрші үйдің баласын көлік қағып кетті. Менің үш балам бар, барлығы да ойын жасындағы балалар. Далаға шығып кетсе терезеден көз алмаймыз. Өйткені қауіпті. Бұл үйде үлкен кісілер, мүгедектер де тұрады, көпбалалы отбасылар бар. Балалар есік алдында жүгіріп жүреді. Мәселеміз әкімдіктегілердің құлағына жетсе екен дейміз", - дейді тұрғын Жанат Сейтжан.

Тұрғын үйдің ауласы
Тұрғын үйдің ауласы: KAZ.NUR.KZ

Алайда Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің kaz.nur.kz тілшісіне жіберген ресми жауабында аталған жер учаскесіне жеңіл конструкциядан сауда дүңгіршегінің құрылысын салу үшін 2023 жылдың 29 маусымында №1031 "Эскиздік жобасына" келісім берілгендігі аталған.

"Нұрсая" ықшамауданы №109 үй маңы мекенжайындағы көлемі 0,0020 га болатын кәсіпкерлік мақсаттағы жеңіл конструкциялық сауда дүңгіршігін орнату үшін жер тілімі 3 жылға берілді. Атырау қаласы әкімінің 2022 жылғы 10 қарашадағы №2559 қаулысына сәйкес, аталған жер көлемі жеке кәсіпкерге тиесілі. Барлығы заң жүзінде", - дейді Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жұмабек Жұмағалиев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028466-barlygy-zan-zuzinde-atyraulyqtar-oiyn-alany-ornyna-azyq-tulik-dungirsegi-salynganyna-narazylyq-bildirdi/

pixel