Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арнасынан асып кетуі мүмкін": аптап ыстыққа байланысты Алматы тауларындағы мұздықтар еріп жатыр

Опубликовано:

Тау
Тау. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы тауларындағы көлдердің деңгейі көтерілген соң арнайы мамандар қауіптің алдын алу жұмыстарына кіріскен. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сілтеме жасаған телеарнаның хабарлауынша, Тянь-Шань тауының солтүстігіндегі қар былтырғыдан қалың түскен.

"Қазселденқорғау" мекемесі мамандары қардың көбі еріп, таулы көлдер деңгейі көтерілгенін айтады. Алайда номері 13- көлдің бетін мұз басып жатқанымен, астындағы судың қысымы артып келеді.

Мамандардың айтуынша, таулы көлдердің орны мен саны жыл сайын өзгеріп отыратындықтан тұрақты бақылауды талап етеді екен.

"Біздің және басқа да мекемелердің мәліметінше өткен маусым мен шілде айы аптап ыстық болып тұр. "Қазгидрометтің" бізге берген ақпаратында ауа температурасы 43 градусқа дейін көтеріледі екен. Қазір нөл градустық температура 5 мың метр биікте тіркелді. Тау басындағы мұздықтар жылдап еріп, көлдердің арнасынан асып кетуі мүмкін", - деді ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов.

Телеарна дерегінше, Іле-Алатауы мен Жоңғар Алатауында жалпы саны 51 көл бар. Соның ішіндегі 13 көлдегі қауіптің алдын алу жұмыстары басталды. Таулы көлдердегі су деңгейін азайту үшін арнайы сифондар орнатылады. Мұндай технология бірнеше жыл бұрын Алатаудағы бірқатар көлге қойылған. Табиғи апаттың алдын алу жұмыстары қыркүйекке дейін жалғасады.

"Қазір 10-көлде жұмыс жасап жатыр. Полиэтилендік трубалар арқылы көлдің деңгейін түсіреміз. Енді бүгін 13-көлге шығып жатыр. Жалпы істеп жатқан адамдардың саны қазір 60-қа жуық. Біздің қала бойынша 20 гидробекеттер бар. Оның оны маусымдық, оны тұрақты бекеттер", - дейді ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ Алматы қаласы филиалы басшысының орынбасары Алмас Ысқақов.

Телеарна мәліметінше, Алматыны табиғи апаттан қорғауға арналған су бөгеттері бар. Дегенмен таудың бөгеттен жоғары бөктерінде әртүрлі нысандар орналасқан. Оған қоса тауға шығып демалатын туристер көп болғандықтан, қауіптен алдын-ала дабыл қағатын автоматтандырылған 8 станция орнатылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028569-arnasynan-asyp-ketui-mumkin-aptap-ystyqqa-bailanysty-almaty-taularyndagy-muzdyqtar-erip-zatyr/

pixel