Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтар да жиі келеді": Мальдив аралдарында дайвинг инструктор болып істейтін қазақ қызы туралы не білеміз

Опубликовано:

Асыл Ерболатова
Асыл Ерболатова. Фото: Асыл Ерболатованың мұрағатынан/Түркістан басылымы

Бүгінде әлем халықтарының ғана емес қазақстандықтардың да арасында аса танымал туристік бағыттардың бірі – Мальдив аралдары. Бұл жерге келген демалушылар ақ құмы, бай флорасы және мөлдір суы бар жағажайларда демалып қоймай, су астындағы әде­мілікті көру­ге асығады. Су астындағы тылсым әлемді туристерге таныстырып жүрген инструкторлар арасында Асыл Ерболатова есімді қазақ қызы да бар, деп жазады Түркістан басылымы.

Басылымға сұхбат берген Асылдың сөзінше, ол Мальдив аралдарына кездейсоқ келмеген. Айтуынша, саяхатқа деген бала күнгі арманы осы мамандықты игеруге әсер еткен.

Асыл орта мектепті бітірген соң ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіне түсіп, сол жерде білім алған. Алайда мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Дегенмен, елімізде әр түрлі мекемеде соның ішінде ту­рис­тік компанияда тур агенті болып жұмыс істе­п жүргенде бірінші рет шет­елге шығып, саяхаттағы сезімнің мүлде бөлек екенін түсінген.

Осылайша, ол бала күнгі арманын арман күйінде қалдырмай, мақсатқа айналдыруға бел буып, шетелде жұмыс тауып беруге көмектесетін агенттік іздей бастаған.

Асыл шетелдегі алғашқы жұмысын Ка­тар­­дағы қонақүйден бастаған. Ол сол жердегі ресеп­шн­­де жұмыс істе­п, ағылшын­ тілін жақсартып ал­ған.

"Пандемия ке­зінде елге орал­­­­дым. Жан-жақ­қа түйінде­мем­­ді жі­беріп, жұ­мыс іздеп жүргенде Мальдивтегі компания хабарласып, аудармашы болуға ша­қыр­ды. Сөйтіп, онда жұ­мыс­қа тұрдым. Мен өзім у-шу, би кеші, концертке бару­ды мүлде ұнатпаймын. Ал Маль­дивта ондай жоқ. Жұмыс, табиғат және спорт. Негізі, мен дайвинг инструктор боламын деп мүл­де ойламадым. Бос уақытымда снорк­линг­пен айналысып, маска және дем алу түтігін та­ғып алып, су астында жүзетінмін. Туристер кү­ніне бір рет ғана жүзсе, мен судан шық­пай­тынмын.

Кейін дайвингке қызығу­шы­лы­ғым артып, ақырында дайвинг десе ішер асым­ды жерге қоятын жағдайға жеттім. Мы­салы, жұмысым түскі үште бас­талса, мен таң­ғы жетіде тұрып, дайвингпен ай­налысып, су астын "зерттеп" келетінмін. Шар­шамай­тын­мын. Бұл шынайы сүйіс­пеншілік емей немене?

Сен сүйікті ісің үшін ғана таңертең ерте оянасың ғой. Көңіліңе жақпаса, мен секілді атып тұрып, жағалауға жүгірмейтін едің ғой. Сөйтіп, жүргенде дай­винг хоббиіме айналды. Бір жылдан соң жұмыс берушімен арадағы келісімшарт аяқталды. Сол уақыт ішінде аралда айнымас досқа айналған жақын таныстарым дай­винг­ке айрықша қызығатынымды ескеріп, Таиландқа барып оқып, сертификат алып, осында дайвинг инструктор болып жұмысқа тұру туралы ұсыныс айтты", - дейді Асыл.

Асыл дайвинг инструктор болу көпшілік ойлағандай оңай емес екенін атап өтті.

"Алдымен жиырма метр тереңдікке сүңгіп, Open water деңгейін, сосын отыз метрге тереңге сүңгіп, Advanced open water, одан соң Rescue diver, яғни құтқарушы драйвер кур­сын оқуың қажет. Содан соң Divemaster кәсі­би деңгейіне өтесің. Содан кейін барып инс­труктордың оқуын оқып, емтихан тап­сырасың", - дейді ол.

Асыл Таиландқа барып оқып, барлық емтихан, тестілеуден өткеннен кейін сертификат ал­ып, Мальдивте еуропалықтар ашқан бір дайв ор­­­талыққа жұмысқа тұрған.

"Негізі, мені орысшам жетік болғаннан жұмысқа алды. Өйткені мұнда келетіндердің дені – орыстілділер. Қазақтар да жиі келеді. Сөй­тіп, сол аралда тағы бір жыл жұмыс істе­дім. Әлгі арал ел астанасы Маледен алыс ор­наласқан. Ешқайда шыға алмайсың. Тек арал ішінде жүресің. Сондықтан бас­шы­лық­тан басқа аралға ауыстыруын өтіндім. Бірақ онда да өзімді қолайлы сезіне алмағандықтан, қалаға жақын аралдан жұмыс тауып алдым. Қ­азір сонда дайвинг инструктор болып жұ­мыс істеймін. Бір ғана аралға емес, бірнеше арал­ға бара аламын. Мале қаласына қайық­пен жарты сағатта жетіп барамын", - дейді Асыл.

Десе де, Асыл болашақта Қазақстанға оралып, кәсібін елде дөңгелетуді көздеп отырғанын айтады.

"Туристер ағылып ке­летіндіктен, мұнда барлық жағдай жасалған. Жақсы жа­лақы төленеді. Үй жина­май­мын. Тамақ істемеймін. Бәрін компания істейді. Бір аралдан екінші аралға сая­хаттауға болады. Былайша айтқанда, бү­кіл елдің алтыны қолымда деп сезінемін. Десе де, елге барып, топырағын басқан кезде жүрегің тыныштала ма, қалай?! Ерекше күйге бөленесің ғой. Сон­­дықтан елге оралып, дайвингпен бай­ла­ныс­ты жеке кәсіп ашуды мақсат етіп отыр­мын", - дейді Асыл Ерболатова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029727-qazaqtar-da-zii-keledi-maldiv-araldarynda-daiving-instruktor-bolyp-isteitin-qazaq-qyzy-turaly-ne-bilemiz/

pixel