Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда екі автобус соқтығысқан жол апаты: автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

Алматыда жол апатына ұшыраған автобус
Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында соқтығысқан автобустардың бірі. Оқиға орнынан фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыда былтыр қарашада Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында болған ірі жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Екі автобус соқтығысқан жол-көлік оқиғасы кезінде бір адам көз жұмған болатын деп, хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық соттың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Сот анықтағандай, 2022 жылғы 8 қарашада сағат 14:00 шамасында сотталушы А.-ның №98 автобусты басқара отырып, Абылай хан көшесі бойымен оңтүстік бағытта келе жатып, Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, Төле би көшесімен келе жатқан №201 автобуспен соқтығысқан", – делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан №98 автобустың жолаушылары далаға құлап түсіп, зардап шегуші И.автобустың астында қалып, алған дене жарақатынан қайтыс болған.

Бұл ретте зардап шегуші К.-ның денсаулығына ауыр, зардап шегуші Ш.-ның денсаулығына орташа зиян келген.

Соттың мәліметінше, А. сотта кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Алайда сот ер адамды кінәлі деп тапқан.

Сот айыпталушының қамқорлығында 3 кішкентай баласы барын (жазасын жеңілдететін мән-жай) ескеріп, автобус жүргізушісін 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және қосымша жаза ретінде 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы үкім шығарған.

"Сонымен қатар Ш. мен К.-ның пайдасына моральдық шығын ретінде әрқайсысына 2 миллион теңгеден, сондай-ақ материалдық шығын ретінде Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге өндірілді", – деп толықтырды сот өкілдері.

Сот үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, былтыр 8 қарашада Алматыдағы Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында екі маршруттық автобус соқтығысып, салдарынан бір адам қаза болып, 10-нан аса адам адам ауруханаға жеткізілген еді.

Ал 11 қараша күні автобустардың бірінің жүргізушісі қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029841-almatyda-eki-avtobus-soqtygysqan-zol-apaty-avtobus-zurgizusisine-sot-ukimi-syqty/