Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айқайға ұқсас дыбыс шықты": Каспийде толқын алып кеткен үрмелі матрастағы үш қыз қалай құтқарылған

Опубликовано:

құтқару жұмысы
Құтқару жұмысы. Фото: "Қазақтеңізкөлікфлот" ЖШС баспасөз қызметі

"Қазақтеңізкөлікфлот" компаниясы Каспий теңізіне матраспен шығып, жоғалып кеткен үш қызды құтқару жұмысы туралы тың дерек ұсынды. Теңізде жоғалғандар туралы хабарлама компанияға облыстық ТЖД-дан 24 шілде кешкі уақытта келіп түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Хабарлама түскен соң, компанияда төтенше жағдай бойынша дереу жедел штаб құрылған.

Ақтау портында оқиға орнынан 30 миль қашықтықта жүк тиеу кезегін күтіп тұрған "Сұңқар" кемесі болған. Кеме капитаны Иван Никитинге зәкірді босатып, оқиға болған ауданға бару туралы ауызша бұйрық берілген. Кеменің белгіленген жерге жетуіне 2,5-3 сағат уақыт қажет болған. Одан әрі іс-әрекет Теңіз әкімшілігімен бірлесіп жүргізілген.

Компания өкілдерінің мәліметінше, адамдарды іздеуде қараңғы мезгілмен қатар теңіздегі толқын, жел кедергі келтірген.

"Ұзаққа созылған іздеу жұмыстары барысында кеменің "Сыртқы кеме сигналдарын қабылдау жүйесінен" анық емес дыбыстық сигналдар (айғайға ұқсас дыбыс) шыға бастады, дыбыс сигналдарының болжамды бағыты анықталды, кеменің бағыты өзгертілді, кеме баяу жүзіп, прожекторлармен теңіз бетін бақылады. Кеме экипажы кемеден 0,5 миль қашықтықта бір нысанды (матрастағы адамдарды) байқады. Кемеде борттан тыс адамдар бары туралы дабыл қосылды. Экипаж мүшелерінен тұратын төтенше жағдай тобы адамдарды құтқаруға дайын тұрды. Кеме матрасқа қауіпсіз қашықтықта жақындап, кемені бір бүйіріне бұрып, желден тосқауыл жасады, осылайша адамдарды жел мен толқыннан қорғап, гидрокостюм киген экипаж мүшелері суға түсіп, адамдарды кезекпен судан шығарды", - делінген хабарламада.

Осылайша, қыздар кемеге шығарылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде үрмелі матраста отырған үш қызды теңіз толқыны алып кетіп, құтқару жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылған болатын. Олар бір түннен кейін табылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030018-aiqaiga-uqsas-dybys-syqty-kaspiide-tolqyn-alyp-ketken-urmeli-matrastagy-us-qyz-qalai-qutqarylgan/

pixel