Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде түнгі клубтағы кісі өліміне қатысты іс бойынша 16 күдікті сот алдына келді

Жарияланған күні:

мемлекеттік айыптаушы
Мемлекеттік айыптаушы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде түнгі клубта екі адамды өлтірді деп күдікке ілінген күзетшілерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот алды тыңдауы болды. Қоғамда резонанс тудырған 104 томдық қылмыстық істе 16 айыпталушы, алты жәбірленуші бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына айыпталушылар арнайы күзетпен жеткізілді. Екі адамның өліміне қатысты істе 16 адам айыпталуда. Олардың қатарында әлі кәмелеттік жасқа толмағандар, бұрын қарақшылық бабымен сотты болғандар және қылмыстық ортада беделге ие жастар бар.

Іс материалындағы деректерге сүйенсек, 2021 жылдың 23 қыркүйегі күні Ақтөбе қаласы Астана ауданында орналасқан караоке клубының жалға алушысы А.К. мемлекеттік тіркелмеген күзетті ұйымдастырып, күзетшілер ретінде еш рұқсаты жоқ, спортқа бейім, арнайы машықтанған, өзіне бағынатын оннан аса адамды жинаған. Олар түнгі клубтарды күзеткені үшін заңсыз жалақы алып, 1 млн 600 мың теңгені өзара бөліседі.

Бүгінгі сот отырысында айыптау актісін оқыған прокурордың сөзінше, 2022 жылы 26 қазанда сағат 00:04 шамасында түнгі клубқа төрт адам демалуға барған. Жәбірленушілер түнгі клубқа кіретін ақыны төлеуден бас тартып, баса көктеп кірген.

"Олар спирттік ішімдікке тапсырыс берген. Содан соң клуб күзетшілері өздерінің басшыларына хабар берген. Басшы қарамағындағы күзетшілеріне оларды қасақана қазаға ұшыратуды бұйырып, өзінің де келе жатқанын хабарлаған. Әрі қарай түнгі клуб бармені жәбірленушілердің спирттік ішімдіктерге ақы төлеуден бас тартқанын жеткізген. Әрі қарай күзетшілер жәбірленушінің бірін сыртқа алып шыққан. Жерге ұрып құлатып, басынан, денесінен тепкен. Тұрмыстық пышағын К-нің сол жақ санына бірнеше рет, ал екінші жәбірленуші Ж.-ның сол жақ санына бір рет сұққан. Осылайша төртеуін де ұрып, тепкінің астына алған. Олар жәбірленушілерді қасақана қазаға ұштырату мақсатында би алаңындағы адамдардың көзінше VIP-кабинаға кіргізіп, ұрып-соғуды жалғастырған", - делінген іс материалдарында.

Сондай-ақ айыптау актісіне сәйкес, алдын-ала сөз байласқан топ адамды ұрлауға бағытталған қылмыс жасау мақсатында ессіз жатқан жәбірленушілерді сүйреп, клубтың артқы қызметтік есігінен шығарған. Жәбірленушілерді көліктің жүксалғышына салып, қылмысты жасыруға тырысқан. Жүксалғышта жатқан екі адам жолда есін жиып, қашып үлгерген. Ал алған соққыдан қаза болған екі адамның мәйітін Елек өзені жағасындағы жағажай маңына тастап кеткен.

Қылмыстық іске қатысты соттың келесі отырысы 11 тамызға қойылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030503-aqtobede-tungi-klubtagy-kisi-olimine-qatysty-is-boiynsa-16-kudikti-sot-aldyna-keldi/