Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте 95 жастағы соғыс ардагері жәндік жайлаған лас пәтерде тұрып жатыр

Жарияланған күні:

Зейнеткер
Соғыс ардагері. Видеодан кадр: Instagram

Шымкентте 95 жастағы кейуана жантүршігерлік жағдайда күн кешіп жатыр. Соғыс ардагері Мария Пономареваның бір бөлмелі баспанасын жәндіктер жаулап алған. Көршілері дабыл қағып, әлеуметтік желідегі парақшалардың біріне видео жолдаған. Кейуананың жағдайы туралы әкімдік өкілдері пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының 95 жастағы тұрғыны Мария Пономарева - соғыс ардагері. Кейуананың мүшкіл хәлі жайында Instagram-дағы "Добряки Шымкента" парақшасында видео пайда болды.

Соғыс ардегерінің жағдайына көршілері алаңдаушылық білдірген. Олардың айтуынша, қарияның зейнетақысын сіңлісі алып отырған.

Қарияның күтімсіз қалғаны видеодан анық көрінеді. Құрт-құмырсқа қаптап, түрлі жәндік жайлаған тар бөлмеде өлместің күнін кешкен кейуананың қорғансыз күйінен жергілікті құзырлы органдар бейхабар боп шықты.

Өйткені туыстары тарапынан қосымша көмек қажеттігі туралы ешқандай өтініш түспеген.

"Жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күніне орай 12 АЕК -тен (41400) әлеуметтік көмек төленуде. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына әлеуметтік көмекші тағайындауға байланысты ешқандай өтініш түспеген. Бұл жағдайдан хабардар болған бетте басқарма мамандары арнайы барып, қарияны емдеу мекемесіне орналастырды. Одан бөлек қарттың үйінде тазалық жұмыстарын жүргізілетін болды", - дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз хатшысы.

Қалалық әкімдік өкілдері соғыс ардагерін алдағы уақытта демеушілердің көмегімен азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

 "Тұран ауданы әкімі аппараты мамандар тарапынан Асқаров көшесі, №43 үй тұрғыны Мария Понамареваның тұрып жатқан үйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. 

Нәтижесінде Мария Понамарева көрсетілген мекен-жайдағы бір бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрады. №13 емханада тіркеуде. 2018 жылдан бері жүйке жүйесі аураханасында психиатр есебінде тұрады. Бүгінгі күнде психикалық ауытқуының қозуына байланысты жедел жәрдем шақыртылып, ауруханаға жатқызылды. Алдағы уақытта Мария Понамареваның үйіне тазалық жұмыстары мен  дезинфекция  жүргізілетін болады. Сонымен қатар демеушілер тарапынан азық-түліктей көмек көрсетілу жоспарлануда", - деп жауап берді Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы.

Автор: Жанар Пердешқызы 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030740-symkentte-95-zastagy-sogys-ardageri-zandik-zailagan-las-paterde-turyp-zatyr/