"Арасында жетім балалар да бар": Динара Зәкиева балалардың улануы мәселесіне қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қарағандыда балалардың өліміне әкеліп соққан уланудан кейін қандай шаралар қабылданбақ? Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Қазір Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануына байланысты Қарағандыдамын.
Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Оның ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Алты бала ауыр халде жан сақтау бөлімінде, жеті бала ауруханада жатыр. Тағы 2 бала түсті. Олардың арасында жетім балалар да бар", - деп атап өтті омбудсмен.
Оның айтуынша, бүгінде бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылған. Ол улану себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды.
"Балаларға медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеменің барлығында Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізетін болады. Оның 20-сында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады", - деп қосты ол.
Сондай-ақ Зәкиеваның сөзінше, ол күзде өңірлерге іс сапарларының аясында барлық балалар мекемесін тексеруді жоспарлап отыр.
"Жалпы, бұл салада қазір біз мемлекеттік органдармен бірге балалаларға арналған мекемелердегі камераларды тікелей ЦОУ мен жауапты органдарға қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді Динара Зәкиева.
Сонымен катар оның пайымдауынша, мынадай мәселелер бойынша тағы жұмыс жүргізу керек:
- мамандарды даярлау сапасын, олардың деңгейін назарға алу керек; сондай-ақ олардың жалақысын арттыруды қарастыру;
- балалардың тамақтану нормативтерін қайта қарау және талаптарды қатаңдату.
Қарағандыда балалардың улануы
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, ауруханаға жатқызылған. Жаппай улану салдарынан бір баланың көз жұмғаны белгілі болғаны туралы жазған едік.
Кейін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова министрлер кабинетінің кулуарында Қарағандыда балалардың жаппай улануын тексеру барысында олардың тамақтан уланбағаны белгілі болғанын айтты.
Сонымен қатар улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жағдайды Бас прокуратура бақылауға алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030866-arasynda-zetim-balalar-da-bar-dinara-zakieva-balalardyn-ulanuy-maselesine-qatysty-pikir-bildirdi/