Алматы әкімі Ақкентте болған өртте көз жұмған әйелдің отбасына көңіл айтты
Жарияланған күні:
Алматы әкімі Ерболат Досаев Ақкентте болған өрт салдарынан көз жұмған әйелдің отбасына көңіл айтты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қайрат Жармұхамедұлы мен Жұмагүл Жұмашқызы, сіздердің қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын!
Әселдің өмірден мезгілсіз өтуі сіздер үшін ғана емес, барлық алматылықтар үшін орны толмас ауыр қайғы. Туған баласынан айырылу ата-ана үшін өте ауыр.
Орны толмас ауыр қазада сіздерге сабыр мен төзімділік тілеймін.
Сіздердің қыздарыңыз, Әселдің әпкесі Айжанның тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оның толық сауығуы үшін барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі", - деді Досаев.
Ақкент шағын ауданындағы өрт
Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматының Алатау ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде өрт шықты.
Желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар жарияланды - онда адамдардың терезеден секіріп жатқанын көруге болады.
ТЖД қызметкерлері шақыртудан соң оқиға орнына 6 минут ішінде келген. Онда 16 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатында орналасқан пәтер өртеніп жатқаны анықталды. Лифт шахтасында 5-ші және 6-ші қабатта электр кабельдері жанғаны айтылды.
Сол күні сағат 18:46-да өрт оқшауланып, сөндірілген болатын.
Көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрттен зардап шеккен әйел көз жұмған. Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өртте барлығы 43 адам жапа шеккен.
16 қабатты тұрғын үйдегі ірі өрттің салдарынан 37 адам қаланың көпбейінді стационарларына жеткізілді, тағы 4 науқас балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030919-almaty-akimi-aqkentte-bolgan-ortte-koz-zumgan-aieldin-otbasyna-konil-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.