Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іс-әрекетіңе риза болдым": стадиондағы қоқысты жинаған оралдық балаға министр ерекше сыйлық жіберді

Опубликовано:

11 жастағы оралдық баланың видеосы
11 жастағы оралдық баланың видеосы. Кадр: instagram.com/mgorod.kz/

Оралдағы "Ақжайық" футбол клубының ойынынан кейін трибуналардағы қоқысты жинастырған 11 жастаға балаға министр Асхат Оралов сыйлық жолдап, алғыс білдірді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрілігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Күні кеше әлеуметтік желілерде "Ақжайық" футбол клубының матчынан кейін стадиондағы қоқысты жинап жүрген 11 жастағы баланың видеосы тарады. Аталған видеоға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пікір білдіріп, оқушыға арнайы сыйлық жолдаған.

"Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов "Ақжайық" футбол клубының ойынынан кейін достарымен бірге стадиондағы қоқысты жинаған Орал қаласының 11 жастағы оқушысына алғыс хат жолдады. Министр Әлиханның видеороликтегі үлгі боларлық іс-әрекетіне алғыс білдіріп, оған және оның достарына кітаптар, естелік сыйлықтар, сондай-ақ Катарда өткен әлем чемпионатының футбол добын сыйлады", - делінген министрлік таратқан баспасөз хабарламасында.

футбол жанкүйерлері
Футбол жанкүйерлері. Фото: Telegram/Мәдениет және спорт министрлігі

Сонымен бірге баспасөз қызметі министрдің хатын да жария еткен.

"Сәлем, Әлихан!

Мен сенің іс-әрекетіңе және стадиондағы тазалыққа үлкен жауапкершілік танытқаныңа ерекше риза болдым. Футболдың дамуы - жанкүйерлердің мәдениетіне де тікелей байланысты. Сондықтан сенің іс-әрекетің отандық футбол жанкүйерлері үшін өте маңызды.

Өкінішке қарай, кейде жас жігіттердің интернеттегі уақытша және арзан атаққа еріп, абыройсыз әрекеттерге баратынын көреміз. Сенің және достарыңның жасаған еңбектерің - дұрыс тәрбиенің нәтижесі және басқа да құрдастарың үшін жақсы үлгі болуы керек.

Трибуналардан қоқыс жинау сияқты әрбір осындай игілікті іс-әрекет қоғамның дамуына маңызды үлес қосады, басқаларды тазалыққа жұмылдырады және ізгі қадамдарға жетелейді. Футболға және сүйікті клубыңа деген сүйіспеншілігің саған осы спорт түрінде биіктерді бағындыруға және отандастарың мақтанатындай тағы бір себеп сыйлайтынына үміттенемін.

Жақында маған Катарда өткен футболдан әлем чемпионатының ойындарынан доп беріп жіберген еді. Сенің лайықты әрекетіңді көріп, осы допты саған сыйлаймын.

футбол добы
Футбол добы. Фото: Telegram/Мәдениет және спорт министрлігі

Қазіргі таңда әртүрлі әдебиетті оқу өте маңызды. Сондықтан саған біршама кітап пен басқа да сыйлықтар жіберемін. Бұл сенің футболға деген қызығушылығыңды арттырады және пайдалы іс-әрекеттерге ынталандырады деп үміттенемін.

Құрметпен, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов", - деп жазған Мәдениет және спорт министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031707-is-areketine-riza-boldym-stadiondagy-qoqysty-zinagan-oraldyq-balaga-ministr-erekse-syilyq-ziberdi/

pixel