Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Экономист: Жамбыл облысындағы жағдай көкөніс пен жем-шөптің қымбаттауына себеп болуы мүмкін

Опубликовано:

Базардағы ет сатушы
Базардағы ет сатушы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Сарапшылар Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығында туындаған су тапшылығы еліміздегі көкөністер мен жем-шөп бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр. Бүгінгі таңда өңірде қуаңшылықтан келген шығын есептелуде, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, қазірдің өзінде Жамбыл облысындағы қуаңшылықтан келген шығын 3,5 миллиард теңгеден асқан. Су тапшылығынан 7 мың гектардан астам түрлі егіс алқабы күйіп кеткен. Бұл көрсеткіштер әлі де толық емес, дейді мамандар. Олар Қырғызстан Қазақстанға Киров су қоймасынан келетін суды тоқтататынын жария еткеннен кейін шығынды әлі де есептеу керек екенін айтады.

"Комиссия барған кезде көзбен көреді. Фотовидеофиксация жасайды. Одан көршілес қасындағы отырған шаруаның дәлелі болу керек. Ол да қойып беру керек. Негізі акт жасалады. Сол актда қандай дақылдар, қанша алқап. Оның ішінде гос акт бар", - дейді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.

Жамбылдағы тіршілік нәрінің тапшылығы оңтүстік өңірлерге салдарын тигізбей қоймайды дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, жиын-терін маусымы жоспардағыдай жүрмегендіктен көрші облыстар мен Алматы қаласындағы көкөніс қымбаттауы мүмкін. Экономистер болса, елімізде климат құбылмалы болғандықтан, Қазақстан кез келген жағдайға дайын болу қажет деп санайды.

"Жамбылдағы шаруалардың басым бөлігі картоп егеді. Ал қуаңшылықтан қатты қиналып отырған Қордайда биыл пияз, сәбіз секілді өнімдер күйіп кетті. Бұл аудан Алматы қаласына жақын болғандықтан жылда өнімдерін сонда жеткізетін. Енді биыл бұл көкөністер көлемі аз болғандықтан бағаның шарықтауы ықтимал. Сондай-ақ ағын судың салдары мал шаруашылығыны да әсер етіп, жем-шөп қымбаттауы мүмкін", - дейді экономист Арман Байғанов.

Дереккөз: КТК арнасы

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығындағы су мәселесі күрделі екені белгілі болған еді. Бірнеше аудан судан ажыратылып, диқандар шығынға ұшырап, пияз бен қант қызылшасының өніміне қауіп төнген болатын.

Экология министрлігі судың жетіспеуіне Қырғызстаннан су келмей қалуы себеп деп мәлімдеді. Бұл ретте вице-министр жағдайдың жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын баса айтты.

Кейін Қазақстанға су берудің тоқтатылуы мәселесін қырғызстандық тарап түсіндірді. Олар су көздеріндегі судың аздығынан тіршілік нәрі қырғыз диқандарына да жетпей отырғанын айтты. Сондықтан көрші елдің ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан билігімен келісіп, суды тамыз айына дейін ғана беруді шешкен.

Ал күні кеше Экология министрі жағдай расымен қиын екенін мойындады.

"Жағдай шынымен қиын, бірақ вегетациялық кезеңнің өзі аяқталуға жақын екенін де ескеру керек. Біз шілдеде егер мұздықтардың еруіне қатысты жағдай өзгермей, бұдан да қарқындырақ еру болмаса, ал ағындар көбеймесе, ауыл шаруашылығы дақылдарын жекешелендіруді кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз деп айтқан едік.

Бүгінгі таңда олардың басым бөлігі аяқталды. Қант қызылшасының мәселесі ғана қалды. Ол суды өте қажет ететін дақыл, іс жүзінде оны қазан айына дейін суаруымыз керек... суды өте көп қажет етеді.

Бұл жағдай кезеңнің құрғақ болғандығынан ғана емес, біздің ауыл шаруашылығы суды көп қажет ететіндіктен туындап отыр", - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Министр биыл Қазақстанда құрғақшылық болғанын, елдегі судың келуіне қатысты болжамдар расталмағанын айтты. Сонымен қатар суды көп қажет ететін дақылдар өндірісінің ұлғаюы да көп мөлшердегі суды қажет еткенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032624-sarapsylar-zambyl-oblysyndagy-zagdai-kokonis-pen-ettin-qymbattauyna-sebep-boluy-mumkin/