Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық арнада көрсетілген кәріс сериалдары арқылы қазақша үйреніп алған орыс жігіті жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Родион Иванов
Родион Иванов. Фото: pavlodarnews.kz

Әлеуметтік желіде танысымен қазақша еркін сөйлесіп отырған орыс жігітінің видеосы тарап, қызу талқыға түсті. Видео кейіпкері Павлодар облысының тумасы. Осы орайда Pavlodarnews.kz басылымы жас жігітпен сұхбаттасып, қазақ тілін қалай меңгергені жайлы сұраған.

Басылым жазуынша, Родион Ивановтың таяуда TikTok желісінде шыққан видеосы 2 миллионнан аса қаралым жинаған. Желі қолданушылары орыс жігітінің қазақша таза сөйлегеніне тамсанып, түрлі пікір қалдырған. 

Ал Родионның айтуынша, желіде тараған видеоны осыдан екі жыл бұрын әпкесі түсіріп алған.

"Бұл –  мұрағаттық видео, оның бүкіл жерде тарап кететінін күтпедім", – дейді ол. 

Родион орыс тілді балабақша мен мектепке барған, қазақ тілін оқушы кезінде үйрене бастаған. 

"Қазақ тілін екінші сыныпта оқып жүргенімде "Қазақстан телеарнасында" көрсетілген кәріс сериалдарын қарап, сол арқылы үйреніп алдым. Сериалды орысша субтитр арқылы қараған едім", – дейді Родион. 

Отбасында бес адамның ішінен тек Родион қазақ тілін еркін меңгерген.

"Мен қазақша ойлай бастадым. Кейде ойлаған нәрсені айтпай қоямын, себебі тыңдаушы адам мені түсінбей қалуы мүмкін екенін білемін. Сондықтан ойымды орысшаға аударуға тура келеді", – дейді Родион.

Оның сөзінше, қазақ тілін үйрену үшін ең бастысы "қ", "ғ" сынды төл дыбыстарды жаттап алу керек. 

"Бірден ауызекі тілге көшкен кезде жеңіл болады. Грамматиканы меңгеру қиынға соғуы мүмкін, сондықтан басында тілді түсіну керек. Ойыңды қазақ тілінде жеткізуге тырмысып көру қажет және де тілді меңгерудің оңай жолы бұл – мемлекеттік тілде шығатын сериалдарды көру", – дейді Родион Иванов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032760-ulttyq-arnada-korsetilgen-karis-serialdary-arqyly-qazaqsa-uirenip-algan-orys-zigiti-zaily-ne-bilemiz/