Қырғызстанмен шекарада жүздеген жүк көлігі тұрып қалды: ҰҚК жағдайды түсіндірді
Жарияланған күні:
Бүгін Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында жүздеген жүк көлігі кептелісте тұрып қалған болатын. Оқиғаға қатысты ҰҚК жауап берді, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі Telegram-дағы ресми арнасында.
"Шекара қызметі шекаралық аймақта, сонымен қатар шекаралық өткізу пункттерінде құқыққа қайшы іс-әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін іске асыруда", - деді ҰҚК өкілдері.
ҰҚК баспасөз қызметі қандай да бір шектеулер енгізілмегенін мәлімдеді.
"Өткізу пункттері, оның ішінде қазақ-қырғыз шекара учаскесі штаттық режимде жұмыс жасауда", - делінген хабарламада.
Құзырлы орган тексеру уақытының регламенттік нормативтері қатаң сақталып, автокөлік құралдарын өткізу деңгейі қазіргі маусымға тән күнделікті көрсеткіштер аясында өтіп жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында 400-ден астам жүк көлігі кептелісте тоқтап қалғаны туралы хабарланған болатын.
Сонымен қатар оқиғаға қатысты Қаржы министрі Ерұлан Жасаубаев жүк көліктерінің кептелісі есірткі тәркілеу операциясына байланысты болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033524-qyrgyzstanmen-sekarada-zuzdegen-zuk-koligi-turyp-qaldy-uqk-zagdaidy-tusindirdi/