Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екеуі бір туған бауыр сияқты": жылан асырап отырған жамбылдық жігіт дертінен айыға бастаған

Опубликовано:

Сары питон
Сары питон. Фото: NUR.KZ

Таразда айықпас дертке шалдыққан жігіт жыландарды асырап алғаннан кейін дертінен айыға бастаған. Рахат Байтөлеев 5 жасында өріктен уланып, ажал аузында болған. Медицина қызметкерлері жігіт небәрі 3 жыл өмір сүреді деп болжаған, бірақ бүгінде оның жасы 18-де, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Рахат бүлдіршін кезінен бері эпилепсияның ауыр түрімен ауырып, тірек-қимыл жүйесі бұзылған болатын. Ол жүруден қалып, көзі қылиланып қалған. Анасы дамуы тежелген ұлын аяғына тұрғызу үшін акробатикаға береді. Сол кезде жаттығу залында алғаш рет жыланды көрген Рахаттың денсаулығы біртіндеп жақсара бастаған.

Рахат Байтөлеев пен жылан
Рахат Байтөлеев пен жылан. Фото: NUR.KZ

"Жыланды жақсы көремін. Ол менің досыма айналды. Одан қорықпаймын. Ол айбат шегіп, шағып алмайды. Адамдарға жақын, мейірімді жақсы көреді. Мен оны бір күн көрмесем, сағынамын", - дейді тараздық жігіт.

Бүгінде тараздық жігіт үйінде 2 метрден асатын питондарды асырап алған. Анасының сөзінше, Рахат бала күнінен бері қатарластарынан ақыл-парасаты озық болған. Ол ұлының жан қалауын түсініп, жыланның арқасында дертінен айыға бастағанына риза. Әйел питондар отбасының бір мүшесіне айналғанына қуанады.

"Балам жыланға аянышпен қарады. Шындығында, алғаш оны акробатикаға әкелгенде жетекшісі "балаңыз жыланды жақсы көреді, жыланға жақындап жатыр" деп мені шошытты. Рас, "жылан" деген сөздің өзі үрейді ұшырады ғой. Мен көнген жоқпын. Кейін балама "Не істейсің оны? Ол жылан, жаман" деп едім, "Жоқ, анашым, оның екі құлағы жоқ, менің тілім жоқ, мен оны жақсы көремін" деді. Сол сәтте екеуінің арасындағы байланысын түсіндім. Қазір екеуі бір туған бауыр сияқты болып кетті", - дейді Рахаттың анасы Балқия Байтөлеева.

Рахат Байтөлеев пен анасы Балқия Байтөлеева
Рахат Байтөлеев пен анасы Балқия Байтөлеева. Фото: NUR.KZ

Бүгінде бауырымен жорғалаушыны жан досына айналдырған Рахат Жамбыл облыстық филармониясында өнер көрсетіп жүр. Ол қос питонды қолға үйретіп, табысын көруде. Рахат айыр тілді жорғалаушылар шағып алмай, шапағатын төгіп тұрсын деп қара түсті питонға "Шапағат", сары жыланға "Ақниет" деп ат қойған. Ал ұстазы Рахаттың денсаулығы жыланмен бірге жақсарып келе жатқанын атап өтті.

"Бұл баланың бойында ерекше дарыны бар. Кішкентайынан талпынып, өзі қалмай келді. Бір жаттығуды айтсаң, соны істеуге талпынып тұрады. Істі аяқсыз қалдырмайды. Намысқой әрі мақсатшыл. Жыландармен жаттығу жасау арқылы икемділігі артып, қозғалысы ширақтана түсті" - дейді Рахаттың жетекшісі Талғат Әлшікенов.

Сары жылан
Сары жылан. Фото: NUR.KZ

Сондай-ақ Рахатты қоғамдық негізде жұмысқа алған облыстық филармония басшысы жыландар мәдени мекеменің қызметкерлері мен көрермендер үшін қауіпсіз деп сендірді.

"Мекемеміздегі жыландар қауіпсіз. Агрессиясы жоқ. Кішкентай кезінен бері қолға үйретілген. Сары жылан - аталық, 9 жаста, кіші жылан - ұрғашы, питон 4 жаста. Біз әр концерт сайын жыландарды бір ай көлемінде дайындаймыз. Оларды жарыққа үйретеміз, дыбысты шуға үйретеміз және олардың қарны тоқ болуын қадағалаймыз. Жыландар тамақтанғаннан кейін кемінде екі апта тиісуге болмайды. Олар қояндармен қоректенеді" - дейді облыстық филармония директоры Жандос Омаров.

Рахат Байтөлеев пен жылан
Рахат Байтөлеев пен жылан. Фото: NUR.KZ

Жыланмен дос болған Рахат алдағы уақытта өзінің жеке жануарлар циркін ашуды армандайды.

Сонымен қатар мамандар анасына ұлының тілі толық шығуы үшін тотықұс сатып алып беру керектігін айтқан. Сөйлей білетін австралиялық Какаду тотықұсы нарықта аса қымбат. Рахаттың отбасы құсты сатып алуға қаражаты жетпейтін сияқты, сондықтан олар жомарт жандар қол ұшын беретініне үміттенеді.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034511-ekeui-bir-tugan-bauyr-siyaqty-zylan-asyrap-otyrgan-zambyldyq-zigit-auruynan-aiyqqan/

pixel