Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйгілі 316-шы Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері өмірден өтті

Опубликовано:

Қайырлы Жонқабаев
Қайырлы Жонқабаев. Фото: Ұлттық ұланның ресми сайты

Алматыда әйгілі 316-шы Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері, Екінші дүниежүзілік соғысының ғасыр жасаған ардагері Қайырлы Жонқабаев дүниеден озды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, қарт жауынгер 2 қыркүйекте жер қойнына берілген. Ол Алматы маңындағы Боралдай зиратына жерленген.

"Атаны соңғы сапарға шығарып салушылар арасында Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен ардагерлері болды. Қаралы митингіде Қайырлы Уатайұлының туыстары атаға әрдайым көрсетіп келген сый-құрметтері және жерлеу рәсімін ұйымдастырғаны үшін әскерилерге алғыс білдірді", - делінген Ұлттық ұланның баспасөз хабарламасында

Ұлттық ұланның ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қайырлы Уатайұлы Жонқабаев 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынған.

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алған.

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болған. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық қызметтер атқарған. 1970 - 1983 жылдары Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болған. 1983 жылы құрмет демалысына шыққан, бес бала тәрбиелеп өсірген.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз", және ІІ дәрежелі "Отан соғысының" орденімен, "Ерлігі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдарымен және басқа да көптеген медальмен марапатталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035026-aigili-316-sy-panfilov-diviziyasynyn-songy-zauyngeri-omirden-otti/

pixel