Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында бір ғана оқушы қалған мектеп жабылды

Жарияланған күні:

Кенбай ауылындағы мектеп
Кенбай ауылындағы мектеп. Фото: azh.kz

Атырау облысында бір ғана оқушы қалған Кенбай ауылындағы мектеп жабылды, деп хабарлайды Ақжайық басылымы.

Басылым жазуынша, бір ғана оқушы қалған бір қабатты мектеп осыдан 37 жыл бұрын салынған. Ол облыс орталығынан 128 шақырым жерде, Сағыз округіне қарасты Кенбай ауылында орналасқан.

Мектепте биыл бір ғана оқушы қалған. Ал ауылдың қалған балалары мектеп жасына әлі жетпеген.

"Былтыр екі оқушы оқып шықты. Ал биыл бір оқушы қалғандықтан облыстық білім басқармасының шешімімен мектеп жабылды. Ол оқушы Кенбайдан 60 шақырым жердегі Жамансор ауылындағы бастауыш мектепте оқуын жалғастырады.

Жұмыссыз қалған мұғалімдерге Жамансордан және Сағыз ауылындағы мектептерден жұмыс ұсындық, бірақ олардың кейбірі қалаға кетуді жөн санады. Мектептің жабылу құжатын толық рәсімдеген соң, ғимаратын Сағыз округінің балансына бермекпіз", - дейді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Анжанова.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудан бойынша 15 орта, 3 бастауыш мектепке 6354 оқушы барған. Ауданда күрделі күйде тұрған тағы бір мектеп Тасқұдық ауылында орналасқан. 20 балаға арналған мектепте 9 оқушы ғана оқиды.

Есесіне Жамансор ауылындағы 60 балалық бастауыш мектепке оқушылар толық барған. Ауыл адамдарының сұранысына орай мұнда замануи талапқа сай 80 орындық негізгі мектептің құрылысын салу үшін сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтіп жатыр.    

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Кенбай ауылының тұрғындары бір ғана оқушы қалса да, мектепті жаппауын сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035050-atyrau-oblysynda-bir-gana-oqusy-qalgan-mektep-zabyldy/