Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында оқушылар мектепке такси арқылы қатынап жүр

Опубликовано:

Көлікке мініп жатқан оқушы
Көлікке мініп жатқан оқушы. Фото: Almaty.tv

Алматы облысы Панфилов ауданындағы саяжайлардың бірінде тұратын оқушылар автобус тапшылығы салдарынан мектепке такси арқылы жетуге мәжбүр. Бұл туралы Almaty.tv арнасында хабарлады.

Телеарна мәліметінше, Алматы облысы Панфилов ауылдық округіне қарасты "Алатау-фазенда" саяжайында оқушылар мектепке жету үшін такси жалдауға мәжбүр.

Телеарнаның ауыл тұрғындарының мәліметіне сүйеніп хабарлауынша, жергілікті тұрғындар нашар жолға, сумен қамтамасыз ету мәселесіне шағымдануда, ал ең бастысы оқушыларға мүлдем автобустар қарастырылмаған. Соның салдарынан ата-аналар жалақысының басым бөлігін такси жалдауға жұмсайды.

Сондай-ақ бес орындық көлікке сыймаған балаларды көшеде қалдырып кетпеу үшін жүргізушілер автокөлікке шектеуден тыс көп баланы мінгізеді. Салдарынан ата-аналар бала сабақтан қалып қоймас үшін тағы бір такси жалдауға ақшаны қайдан табарын білмей жатады.

Ал көлік сынып қалған жағдайда балалар мектепке 10 шақырым жаяу жүріп жетуіне тура келеді.

"Балаларымызды ол жаққа жеткізудің амалы жоқ. Өйткені бәріміз де жұмыс істейміз. Жұмыс жасамасақ, балаларды қалай тамақтандырар едік? Ең болмаса оқушылардың жартысын мектепке жеткізіп отыру үшін бізге автобус бөлінсін", – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Ауыл азаматтары Панфилов ауылдық округінің әкімдігінен жақсы жол салып беруді, автобус мәселесін шешуді сұрады. Бірақ әкімдікте бау-бақша серіктестігі олардың құзыретіне кірмейтінін айтты.

"Бұл адамдар елдімекеннен тыс жерде орналасқан. Бұл - саяжайлар, оларға қатысты ешбір жұмыс жоспарланбаған және бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Бау-бақша серіктестігінде 500-ге жуық адам тұрады. Жақын арада халық саны көбейеді деп күтіледі. Біз олармен байланыста боламыз", – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

Телеарнаның хабарлауынша, жергілікті тұрғындар мемлекеттен көмек алу мақсатында саяжайға ауыл статусын беруді өтінген, бірақ әзірге тұрғындар жол, жарық, автобус тапшылығы мәселесін өздері шешіп жүр.

Авторы: Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035756-almaty-oblysynda-oqusylar-mektepke-taksi-arqyly-zetip-zur/

pixel