Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркиядағы жарыста көзге түскен қазақ қызын желі қолданушылары "Өрмекші адамға" теңеді

Жарияланған күні:

Айдана Тұрсын
Айдана Тұрсын. Фото: жеке мұрағатынан

Tik-Tok желісінде Стамбұлда өткен өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында түсірілген видео тарады. Онда қазақстандық спортшы қыздың жылдам қимылдап, әп-сәтте екі қабатты ғимаратқа өрмелеп шыққанын тамашалауға болады. Тапсырманы небәрі бірнеше секундта орындап, қарсыластарынан озған "Өрмекші адам" - ТЖД қызметкері Айдана Тұрсын KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Айдананың Tik-Tok желісінде жариялаған видеосы қыркүйектің басында Стамбұлда өткен өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында түсірілген. Ол бұл видео желі қолданушыларының қызығушылығын тудырады деп мүлде ойламаған.

Әлеуметтік желіде спортшының жылдамдығына таңғалғандар Айдананы "Өрмекші адамға" (Spiderman - ред.), "Суперқаһарманға" теңеуде.

Айдана Тұрсынның өзі желі қолданушыларының бұл пікірлеріне езу тартып, өзінің мұншалықты талқыға түскеніне сенбей отыр.

"Шынымды айтсам, бұлай тарап кетеді деп ойламадым. Супер қаһарманға теңегеніне күлкім келеді. Бұл өрт сөндіру және құтқару спортынан әлем чемпионатында жарысқан сәтім. Мұндай нәрсе адамдарды таңғалдырады деп ойламадым. Оның үстіне менің техникам өзгеше, мен сатыны қолмен ұстамай жүгіріп шығамын да, жылдамдықпен жоғары өрмелеймін. Бұл техниканы өзім үйрендім. Біраз жаттықтым. Ол уақытты үнемдейді деп ойлаймын. Көбі олай істеуге қорқады, мен тәуекелге барамын. Бәрібір де біз робот емес, адамбыз ғой. Жарақат алуымыз мүмкін", - дейді ол.

Айдана Шымкент қаласында туып-өскен. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінде кадр бөлімінде жұмыс істейді. Айдана бұған дейін жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері болған.

"Өрт сөндіру қызметіне ауысып келгеніме көп бола қойған жоқ. Спортпен айналысып жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Спортты жеңіл атлетикадан бастағанмын. Содан осы спорт түріне ойыстым", - дейді Айдана Жақсыбекқызы.

Айта кетейік, әлем чемпионатында спортшылар төрт спорт түрінен сайысқа түскен: 100 метр қашықтықты кедергілермен жүгіріп өту, екінші қабатқа сатымен міну, одан бөлек эстафета және жауынгерлік қанат жаю. Айдана Тұрсын төрт жарысқа да қатысқан. Екі спорт түрінен Қазақстан рекордын жаңартып, жартылай финалға шыққан.

"Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша біздің құрама командалық жалпы есепте үшінші орын, ал жауынгерлік қанат жаюдан екінші орынға тұрақтады", - дейді ол.

Команда қоржынында 4 қола және 1 күміс бар.

Сөз соңында Айдана Тұрсын өзі қынжылатын жайтты да атап өткенді жөн санады.

"Біздің спортқа көп көңіл бөлінбейді, мәселен, спорттық киім берілмейді. "Жетсе аласыңдар, жетпесе жоқ" дегені қынжылтады. Ең соңында қалып, шеттетіліп жатырмыз", - дейді Айдана Тұрсын.

Айдана Тұрсын
Айдана Тұрсын. Фото: жеке мұрағатынан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036411-turkiyadagy-zarysta-kozge-tusken-qazaq-sportsysyn-zeli-qoldanusylary-ormeksi-adamga-tenedi/