Министр Саясат Нұрбек келер жылы ҰБТ-да бірқатар өзгеріс болатынын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылы ҰБТ-да болатын болатын өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы министр Faсebook-тегі ресми парақшасында жазды.
"Бүгін сіздермен 2024 жылғы ҰБТ жаңалықтарын бөліскім келеді. Былтыр уәде бергеніміздей, емтиханның форматындағы барлық өзгеріс жаңа оқу жылының басында жария етіледі. Бұл болашақ талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге жақсы дайындалуға көмектеседі", - дейді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, жоғары білімді оңтайлы етудің маңызды қадамы – ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру.
"Біз нәтижелерді қалыптастыру мен талдауда психометриялық тәсілдерді қолдана отырып, стандартталған форматқа көшеміз. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді", - дейді министр.
Саясат Нұрбектың айтуынша, 2024 жылғы ҰБТ-да бірқатар өзгеріс болады. Мысалы, тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады.
"Бұл туралы толығырақ айта кетсем. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни, үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады.
Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы", - дейді ол.
Министр ҰБТ-дағы тапсырмалар саны 120 сұрақ болып өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
"Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек", - дейді министр.
Саясат Нұрбек биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты екенін айтты. Оның сөзінше, пәндер комбинациясында өзгерістер болады.
"Енді олар "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар, "Математикалық сауаттылықты" міндетті пән ретінде тапсырады. "Математикалық сауаттылықтан" тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өткім келеді, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушы үшін міндетті.
Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, "B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар", "B055 – Математика және статистика", "B063 – Электротехника және автоматтандыру" білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер "Математика-информатика" комбинациясын тапсырады", - дейді министр.
Бұдан бөлек, Саясат Нұрбек былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске салды.
"Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады. Құрметті мектеп және колледж түлектері!
Бұл өзгерістер емтиханнан сәтті өтіп, мақсаттарыңызға жетуге көмектеседі деп үміттенеміз. Болашақта жаңа мүмкіндіктер үшін білім беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар өз жалғасын табады", - дейді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036414-ministr-sayasat-nurbek-keler-zyly-ubt-da-birqatar-ozgeris-bolatynyn-malimdedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.