Апелляция: Арыстанбек Мұхамедиұлына шыққан үкім өзгеріссіз қалды, сотталғандардың бірі сот залынан босатылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстанадағы сотта Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының және сотталған басқа да адамдардың қорғаушылары берген апелляциялық шағым қаралды. Олар сот үкіміне және залал мөлшеріне қатысты шағым түсірген болатын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Елордалық соттың апелляциялық алқасы А. Мұхамедиұлы, А. Нұразхан, А. Көшенов және А.Сәдуақасованың апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Судьялардың атап өтеуінше, олардың кінәсі бірінші сатыдағы сотта толық дәлелденген. Үкім әділ шыққан. Сотталғандарды ақтауға және істі қайта қарауға негіз жоқ.
Бұл ретте, Айым Сәдуақасованың жазасын өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылып, ол сот залынан босатылды.
"Судьялар алқасы ауданаралық соттың 2023 жылғы 20 маусымдағы Айым Сәдуақасоваға ("Экспонат" ЖШС бухгалтері – ред.) қатысты үкімін өзгерту туралы шешім шығарды. Оған тағайындалған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға кейінге қалдырылсын және дереу қамаудан босатылсын... (...) Судьялар алқасы Сәдуақасованың жалғызбасты ана екенін ескере отырып, жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыруға келісті", – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ судьялар сотталғандардың ісі бойынша экономикалық сараптаманы қайта өткізудің қажеті жоқ екенін айтты. Олардың пайымдауынша, мемлекетке келтірілген залал мөлшері дұрыс есептелген.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында бюджет қаражатын (146 миллион теңге сомасында) жымқыру белгілері бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
Екі аптадан кейін Ұлттық музейдің сол кездегі директоры, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалғаны оның екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
Биыл 6 сәуірде экс-министр мен өзге де фигуранттарға қатысты қылмыстық іс Астана қаласының Байқоңыр ауданының № 2 сотына келіп түскені хабарланды.
20 маусымда сот үкімі шығып, Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға, тағы үш адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036639-muxamediulyna-qatysty-isi-sottalgandardyn-biri-sot-zalynan-bosatyldy/