Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 адамның тауарын алып кетті": "Алтын орда" базарының саудагерлері мен күзетшілері арасында шу шықты

Жарияланған күні:

"Алтын Орда" базары
"Алтын Орда" базары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыдағы "Алтын орда" базарының саудагерлері мен күзетшілері арасында жанжал туындаған. Шатырларды сүруге келген ер адамдарға қарсылық көрсеткен саудагер әйелдер "тауарымызды рұқсатсыз алды" деп шағымданған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, саудагер әйелдер басшылық отыратын ғимаратқа келіп те шу шығарды. Бірақ күзетшілер олардың ішке кіруіне жол бермеді.

Саудагерлердің сөзінше, өткен түні базар әкімшілігі далада тұрған шатырларды бұзып, бес саудагердің тауарын алып кеткен. Киім-кешек пен ұсақ-түйек сатып нәпақа табатын жандар біреудің затын рұқсатсыз алу барып тұрған бассыздық дейді.

"Мен бірінші болып осы жерге келдім. Осы жерде базар әкімшілігінен 20 адам бар екен. Содан халықты жинадық. Халық келгенде базар әкімшілігі халыққа қысым көрсетіп, қоқан-лоққы көрсетіп, балаларды ұрып, қыздарды жұлқылап, қол көтеріп жатыр. Бес адамның тауарын алып кетті. Әлі күнге дейін бермей тұр. Халық мына шатырды 45 мың теңгеге алған. Барлық шатырды сындырып, жинап тастаған", - дейді саудагер Гүлнәр Тұрлыбаева.

Саудагерлер тауарымызды қайтарып берсін деп шыр-пыр болған саудагерлер жаңа директор келгелі сауданың берекесі кеткенін айтады.

"Бір ай болды, ешқандай тыныштық жоқ бізге. Ұйқыдан қалдық. Он жылдай "Алтын ордада" сауда жасаймын. Мұндай директор болмаған ешқашанда. Бізге бұлай басқыншылық жасаса, оларды қалай сыйлаймыз. Осы даудың басы 20-тамызда басталған. Мына қара жерді 7 миллионға сатамын деп. Біз сатқызбай қойдық. Осының арты жалғасып жатыр. Бізге кім көмектеседі?", - дейді саудагер Жанар Кәлімбетова.

Тілші мәліметінше, бірнеше сағат күзетшілермен алысқан саудагерлердің алдына басшылықтан сол күйі ешкім шықпады. Оның орнына сұхбатты баспасөз хатшысы берді. Айтуынша, базардың кіреберісінде тұрған 27 шатыр заңсыз тұр. Сондықтан саудагерлерге байбалам салмай, жерді босатуды сұрайды.

"Ол кісілерге хабарлама беріліп, қыркүйектен бастап жайма базарлар жойылады деп ескертілген. Олар ескертпені құлаққа аспады. Өздерің алып кетіңдер дегенге көнбеді. Енді біздің жерімізді босатсын. Олардың құқығын ешкім таптап отырған жоқ. Оларға еркіндік берілді. Бәріне бірдей павильонда орын бар делінді. Сол орынға тұр десе тұрмайды", - деді "Алтын орда" базарының баспасөз хатшысы Шынаркүл Әбділдаева.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036842-altyn-orda-bazarynyn-saudagerleri-men-kuzetsileri-arasynda-zanzal-syqty/