Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ата-ананың ықпалы азайып барады": Зейнеп Ахметова бала тәрбиесі қалай өзгеріске ұшырағанын айтты

Жарияланған күні:

Зейнеп Ахметова мектеп оқушыларымен кездесуде
Зейнеп Ахметова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова Ақтөбе қаласында мектеп оқушыларымен кездесті. Кездесу кешінде жазушы ұлт тұтастығына төнген қауіп, тіл мәселесі, қазіргі бала тәрбиесі сынды өзекті тақырыптарда ой өрбітті. KAZ.NUR.KZ тілшісі жазушының айтқан тұшымды ой-пікірін ұсынады.

Атақты батырдың келіні Зейнеп Ахметованың сөзінше, ұлт тұтастығына жан-жақтан төнетін қауіп-қатер аз емес. Осы ретте жазушы елдікке тірек болатын нәрселерді атады.

"Қазір батыс келіп жалаңаштап, шығыс келіп тұмшалап, бір уыс қазақтың шақшадай басы шарадай боп жатыр. Қай жағына қарарын білмейді. Бұл ұлттың тұтастығына, ұлттың ұлт болып қалыптасуына өте қауіпті. Ағым көп. Қазір сені пейішке жетектеп апаратындай сарнап уағыз айтып, халықтың миын ашытып жүргендер қаншама. Мына жақтан "әке-шешең сөйлесе сотқа бер" деп құқық үйретіп жатқан батыс бар. Осы аралықта қазақ өзін қалай сақтап қалады? Қазақта "Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме" деген сөз бар. Бізге ықтырма не болуы керек? Жаһандану жан ұшырып келіп жатқан кезде бір уыс қазақ жұтылып кетпей өзімізді қалай сақтаймыз? Ең бірінші - ана сүтімен бойға сіңетін ана тілің. Содан кейін ұлттық қадір-қасиет, ұлттық салт-сана. Осы ғана қазақтың қазақтығын сақтап қалады"- деді Зейнеп Ахметова.

Қазақ дәстүрінің ұмытылмауын насихаттап жүрген ел анасы ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау керегін баса айтты. Жазушының сөзінше, алысқа бармай-ақ соңғы 30 жыл ішінде елімізде бала тәрбиесінде олқылықтар көп.

"Біз тез еліктеп кетеміз. Тіпті мектептің өзінде осы отыз жылдың ішінде қанша рет өзгеріс болды. Қазіргі балалар дұрыстап сөйлей алмайды. Тест, компьютерге үйренген. Білімнің барлығы - кітапта. Бұрын ата-әжелер мектебі болған. Ауылдағы ата-әжелер сол ауылдағы баланың бәрін тәрбиеледі. "Әй, пәленшенің баласы, бұзауды қайырып кел" дегенде ол сенің атаң болмаса да, қайырып келетінбіз. Шынын айту керек, ата-әже мектебі келмеске кетті. Бірлі-жарым сақталған шығар. Ол түгілі ата-ана тәрбиесі, ықпалы азайып бара жатыр. Қазір бала көп нәрсені ата-анасынан емес, компьютерден сұрайды. Интернет ата-ананың өзін осылай ысырып жатыр. Бұл - қауіпті. Халық педогогикасына көп көңіл бөлмей, біз тәрбиеге жарымаймыз. Отыз жыл ішінде қазақ мектебі, балабақшасы көбейді. Бірақ күні бүгінге дейін бірде бір ұлттық мектеп, балабақша болған жоқ", - дейді жазушы.

Зейнеп Ахметова баланы білімге қызықтырып, көбірек кітап оқытуға көңіл бөлуді сұрады.

"Қазақ баланы "ұят болады", "сауап", "обал" дегенді ұғындырып тәрбиеледі. "Өлімнен ұят күшті" деп өсірді. Қазір сол ұят кетіп қалды. Батыстың ұғымында балаға сөйлемеу керек. Анасының шапалағына баласы "Сен менің құқымды бұздың, сотқа беремін" деп жауап береді. Ол жақтың заңы, салты біздің менталитетімізге келмейді. Оны сол күйі әкеліп көшіру - ұлттың тұтастығын, ұлттығын құртады. Бала бұрын білмеген нәрсесін әке-шешесінен, үлкендерден сұрайтын, қазір бәрінің жауабы интернетте бар. Отбасы - мемлекеттің ұйытқысы, әр отбасы - шағын мемлекет. Әр отбасы осылай кете берсе, ол ертең мемлекеттің ыдырауына әкеліп соқпай ма? Сондықтан мүмкін болғанша балаларды көбірек кітапқа қарай бұру керек. Көбірек ойын ойнатуымыз керек. Ұлттық ойын көп. Интернет білім бермейді. Ол жерде тек ақпарат. Ал балаға білім керек. Интернетке көп отырған бала ойын толық айта алмайды. Сөзінде жүйе жоқ. Оған мектептегі бағдарламалар да кінәлі. Мазмұнадама, шығарма жазбайтын баланың ой-санасы қалай өседі?",-деп түйді ойын жазушы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Зейнеп Ахметова оқушы қыздардың орамал тағуына қатысты пікір білдірген.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036875-ata-ananyn-yqpaly-ketip-barady-zeinep-axmetova-bala-tarbiesi-qalai-ozgeriske-usyraganyn-aitty/