"Әйелдерді орта ғасырға әкетіп барады": Зейнеп Ахметова мектепке орамал тағып баруға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Танымал жазушы, қазақ батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова оқушы қыздардың орамал тағуына қатысты пікір білдірді. Жазушының сөзінше, орамал мәселесін дауға айналдырудың қажеті жоқ, алайда бұл мәселені әдейі ушықтырып жүргендер бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Зейнеп Ахметова бұл пікірін Ақтөбедегі Құлымбетов атындағы №64 орта мектепте өткен "Ұрпақтар үні" атты кездесуінде айтты.
"Әсіре діншілдер қазақтың тыныштығын бұзып, тұтастығына кедергі келтіру үшін әдейі қоздырып жүр. Әйтпесе сол орамалды соншалық сөз қылатын ештеңе жоқ. Ата-бабамызда хиджаб деген болмаған. Осы отыз жылда сырттан келді. Қазақтың қыздары бұрын күйеуге тигенге дейін басына орамал салмаған. Үкілі тақия, құндыз бөрік, моншақты қасаба, шашақты сораба киді. Бірінен-бірі өтетін әдемі бас киімдеріміз болды. Сол бас киімдер әдемі болып тұруы үшін қазақ қыздары шаш күтіміне көп көңіл бөлді. Қарашаш, Сүмбілшаш, Қолаңшаш, Алтыншаш деп қаншама ақын қыздардың шашын өлеңге қосты. Сол шашқа тағатын қаншама әшекей бұйымымыз бар. Енді соның бәрін жерге көмуіміз керек пе?!", - дейді ол.
Жазушы осы орайда қазақ тарихындағы діннің рөлі мен ондағы қыздарға берілген орынға тоқталды.
"Бұрын қара орамалды "қаралы әйел" деп күйеуі өлген әйел салған. Жылы өткеннен кейін ғана қара орамалын шешкен. Қазір жап-жас, кішкентай қыздар күйеуі өлген әйелдей қара орамал тағады. Қайталап айтамын, мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Қазақтың өзінікі өзіне жетеді. Салт-дәстүрімізде қаншама тәрбие бар. Соны ала білу керек. Қазақ ешқашан құдайын ұмытпаған. Бірақ фанатик болған емес. "Құдайсыз қурай сынбайды" дейді. Жаратушыны бір ауыз сөзбен мойындап тұр. Ал қазір кілең тосқауыл. Әйелдерді қайтадан орта ғасырға әкетіп барады. Қазақ қыз баласын қатты сыйлаған. Қызды аз күндік қонақ деп сыйлап, дәмдіні жегізіп, жорға мінгізіп, үйдің оң жағынан орын берген. Осындай мәпелеп өсірген қазақ қызын мұсылман болады екенбіз деп қылғындырып қоюымыз керекпе? "Қызымызды хиджаппен мектепке алмады" деп ойбайлап жүр. Шындап келгенде өзгелердің арасында анау бір құбыжық қой. Ол баланың өз еркі, таңдауы емес. Әке-шешісі психологиясына жаман әсер етіп, миына құйып қойды. Ол болмайды. Қазақ қызы атқа мініп, жауға да шапты. Аға, әкелерімен бірге қалқан киіп, қылыш ұстаған. Оған тарих куә. Қазақ қызын еркін ұстаған. Бізге арабтан үйренетін ештеңе жоқ. Егер арабтар соншама мұсылман, керемет мықты халық болса, діні бір, тілі бір, тегі бір бола тұрып, бірін-бірі неге қырып жатыр? Ол мұсылманшылық па? Кішкене ойлану керек", - дейді жазушы.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036806-aielderdi-orta-gasyrga-aketip-barady-zeinep-axmetova-mektepke-oramal-tagyp-baruga-qatysty-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.